БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданына жұмыс сапары аясында Пугачев ауылында орналасқан «Batys AgroHub» агробизнес орталығының тыныс-тіршілігімен танысты.

Бұл әлеуметтік жоба «КПО б.в.» компаниясының тапсырысымен, Орталық Азияның Еуразия қоры арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 125 миллион теңгені құрайтын бірегей орталықтың басты мақсаты – жергілікті тұрғындарға көкөніс өсірудің заманауи тәсілдерін үйрету, жылыжай шаруашылығын дамыту және ауданның азық-түлік қауіпсіздігін нығайту. Орталықта арнайы оқу сыныптары, конференция залы, тәжірибелік алаңдар мен өнімді сұрыптау орындары толық жабдықталған.

Жобаның ауыл тұрғындары үшін тиімділігі жоғары. Мәселен, өткен жылы 25 ауыл тұрғыны арнайы курстан өтіп, жеке жылыжайын ашуға грант иеленсе, биыл тағы 15 грант бөлінген. Ал өткен 2025 жылы жобаға қатысушылар жергілікті нарыққа шамамен 15 тонна қияр өнімін шығарып үлгерген. Сонымен қатар ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы да жүйелі жүзеге асып келеді. Бүгінде бағдарлама аясында ұжымдық бақша өсіру ісі қарқын алып, 17 отбасы 7 гектар жерге картоп, сәбіз, қияр, қызанақ және бақша өнімдерін егіп, өз кәсіптерін дөңгелетуде.

Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы бұл бастаманың ауылдағы ағайынның табысын арттыруға және кооперацияны дамытуға серпін беретін таптырмас үлгі екенін атап өтті. Әкім «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кооперативтер санын көбейту басты міндет екенін алға тартып, «Batys AgroHub» орталығының тәжірибесін облыстың өзге де аудандарына таратуды тапсырды. Осы мақсатта алдағы уақытта Пугачев ауылына өзге өңірлердің делегацияларын әкеліп, озық агротехнологияларды насихаттау бойынша арнайы шаралар ұйымдастырылмақ.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы