24.08.2023, 16:15
Оқылды: 57

Ауылдағы жағымсыз иіс белестіктердің берекесін қашырып тұр

 

Бәйтерек ауданының Белес ауылынан жер алып, мал бордақылау алаңын салған «Бушмелев» шаруа қожалығының жұмысы тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Бұл туралы мәселе аталмыш ауылда аудан әкімімен болған кездесуде қозғалды.

IMG_20230824_163637_932

Жиында сөз алған зейнеткер Үмітқаным Нәбиеваның айтуынша, ауылда бордақылауда тұрған қырық шақты ірі қара мал орналасқан қора-жайдан шығатын қолаңса иіс қолқаны қабады.

- Қазір дұрыстап дем алудан, үйде тереземізді ашудан қалдық. Адамның саулығы бәрінен қымбат қой. Азаматтар шаруасын дөңгелете берсін, оған қарсылық жоқ. Басты талабымыз біреу: мал бордақылау алаңының орнын ауыстырсын. Мүңкіген жағымсыз иістен құтылғымыз келеді, - деді Үмітқаным Нәбиева.

Осы ретте округ әкімі Бақытгүл Жүнісова сөз алып, шілде айының басында аудандық ветеринариялық инспекция мен мал дәрігерлік станцияға және санитарлық эпидемиологиялық басқармаға аталған шаруа қожалығына үй жануарларын ұстаудың ережелеріне сәйкес арнайы тексеріс жүргізуді сұрап, хат жолдағанын айтты. Дегенмен аталмыш құрылымдардың мамандары ол іспен шұғылдану құзыреттеріне кірмейтіндігін айтқан. Жалпы бұл қожалықта үш адам тұрақты жұмыс жасайды. 44 бас ірі қара мал бордақылануда. Жер көлемі - 2414 шаршы метр.

IMG_20230824_163613_305

Бұған қатысты аудан басшысы Марат Тоқжанов жеке кәсіпкерлердің заңмен қорғалғанын,  сондықтан мәселені өкілетті органдар тексеріп, шешім шығаратынын, кейін соған орай жұмыстанатынын жеткізді.

Жиында сондай-ақ ауыл халқы мал жайылымына, ҚТҚ полигонына, Белес-Переметное жолының сапасыздығына, ауыл ішіне, әсіресе мектепке баратын тротуар салу сынды мәселелерді көтерді.

Бұл сұрақтарға жауап берген Марат Лұқпанұлы Бәйтеректің аграрлы, соның ішінде өсімдік шаруашылығы дамыған аудан, сол себепті мал ұстауға арналған жайылымдар тапшы екеннін баяндап, ендігі жерде мал санын көбейтпей, сапасына баса мән беруді ұсынды. Сүтті сиыр алу үшін 2,5%-бен несие берілетін «Ауыл аманаты» жобасы таптырмас мүмкіндік екеніне де тоқталды. Жолға қатысты сұраққа аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Асылан Даубаев асфальт төсеген мердігер компания үш жылға дейін сапаға кепілдік беретінін, сондықтан уайымдаудың керегі жоғын, жолдың міндетті түрде жөнделетінін айтты.

 

Нұрсұлу Атамекен

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале