16.08.2021, 11:59
Оқылды: 363

Ауылдағы жылқыларды жүгендейтін уақыт жетті

Қазақ халқы үшін төрт-түлік малдың орны бөлек. Сәлемнен кейін міндетті түрде «Мал-жан аман ба?» деп бастайтын сөйлемнен-ақ осыны аңғаруға болады. Көшпелілердің тұрмыс-тіршілігі ежелден-бері төрт-түлікпен тығыз байланысты. Соның ішінде жылқы малы ішсе – сусыны, жүрсе – көлігі, сойса – соғымы екені әмбеге аян. Көрген жерде базынасын айтатын тұрғындардың пікірінен байқағанымыз жылқы малы ауданымызға айтарлықтай кесірін тигізіп тұр. Жекенің малы яғни ауыл ішінде жайылған үйір-үйір жылқылар адамдарға зиян келтіруде. 2019 жылы спорт күніне орай аспанға атылған мерекелік отшашудан шошынған көшедегі жылқылар жол бойында келе жатқан көліктерге соғылғанын аудан тұрғындары ұмытпаған шығар. Көліктерге зақым келіп, ата-аналар балаларын аудандық мәдени демалыс орталығының алаңына жіберуге қорқып қалғанын несіне жасырайық. Осы жайтқа не айтар екен деп Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметовке кіріп, сұрақтарымызды қойдық.

 жыл1

«Жұмыстанып жатырмыз»

 - Қазіргі таңда ауылымызда 3000-ға жуық жылқы малы бар. 3500-ге жуық ірі қара тіркеуде тұр. Аудан тұрғындары маған да келіп осындай мәселе бар екенін айтты. Былтыр жайылым жоқтығына байланысты кейбір тұрғындар жылқыларын қораларында ұстады. Судың жоқтығы да аяққа тұсау салуда. Үйден су ішіп, жем-шөпке үйренген жылқылар ауыл ішін тұрақты мекен қылып алды. Соның кесірі тұрғындарға әсер етуде. Ауыл тазалығын былай қойғанда, тұрғылықты жандардың көліктеріне, өмірлеріне қауіп төндіріп келеді. Әсіресе түнгі уақытта қиын. Бір апта көлемінде ауылдағы жылқыларды далаға айдадық.

жыл2

Одан бұрын аудандық мал дәрігерлік бөліміне «Көшеде еркін жайылып жүрген кімнің малы екенін анықтап беріңіздер» деп ұсыныс білдірдік. Анықтау мүмкін емес. Тек қана екі адамды анықтады. Ол кісілерге ауызша ескерту бердік. Қамаудан басқа амалымыз қалмады. Жылқыларды ауыл шетіндегі арнайы қамайтын орынға кіргізіп, сол жерден тұрғындарға хабар береміз. Кімнің малы қамалса, сол кісіге ескерту жасалады. Ешкім малының қамалғанын қаламайды. Өтініш ретінде айтсақ «Су жоқ, жайылым жоқ. Енді не істейміз» дейді. Әлеуметтік желіде «Құлагер» деген арнайы топ бар екен. Ол жерде аулаларында жылқы ұстайтын адамдар отырады. Сол топқа кіріп, ұсыныстарымызды айттық. Одан бөлек смартфонға суретке түскен жылқылардың иелеріне де сұрастыру жүргіздік. Кейбір тұрғындар жылқыларын тіркетпейді екен. Бұл да жұмыс үстіне жүктеме деуге болады. Жалпы бұл жағдайдан хабардармыз. Үнемі бақылауымызда, жұмыстанып жатырмыз, - дейді Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абзал Ғайноллаұлы.

 

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале