23.11.2020, 14:44
Оқылды: 88

Ауылдас алғысына бөленген

Жүзі жарқын, жаны жайсаң, өнегелі ісімен айналасына нұрын шашқан абзал жандардың жақсылығын әрқашан айту керек. Мұндайда дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болып отырған жан – Январцев ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі, жалпы тәжірибе дәрігері Нұрғали Бадленұлы Халелов.

42FB0503-6E77-474D-8717-B486816DF401

Саналы ғұмырын медицинаға арнаған ол 1959 жылы Жаңақала ауданының Мәштексай ауылында дүниеге келген. 1977 жылы С.Меңдешов атындағы орта мектепті бітірген соң, Ақтөбе қаласындағы медицина институтына түседі. Жүрек қалауымен түскен оқу орнын 1983 жылы тәмамдап, бір жыл Орал қаласындағы облыстық балалар ауруханасында интернатурадан өтеді.

Кейін жолдамамен қазіргі Бәйтерек ауданы Январцев ауылына келіп, жұмысқа орналасады. Сол уақыттан бері тапжылмастан бір орында еңбек етуде. 2008 жылы «Жалпы тәжірибе дәрігері» курсынан өтіп, бүгінде Январцев округіне қарасты Петров, Кирсанов, Чинарев ауылдарының тұрғындарына да шапағатын тигізіп келеді.

Осы жылдардың ішінде өмірдің талай белестерінен өткен Нұрғали Бадленұлы бір әулеттің тірегі, ауылдастарының үлгі тұтар жанына айналған.

Адамдарға ізгілік-мейірімі мен қамқорлығын аямайтын дәрігер кітап оқығанды ұнатады. Осы жылдар ішінде ауыл кітапханысының тұрақты оқырманы ғана емес, көптеген іс-шаралардың өтуіне үлесін қосып жүрген белсенді жанға айналған.

Жуырда Январцев ауылының кітапханашысы Жарқынгүл Серғазиева «Деніңе саулық, дертіңе шипа сыйлаған» тақырыпта Нұрғали Бадленұлын шақырып, сыр-сұхбат өткізген болатын. Шара барысында ауылдастарының сүйікті дәрігерінің өмір жолы, кездескен қиыншылықтары мен отбасы туралы біраз сыр айтылды.

-Жұмыстың оңайы жоқ, дәрігер жұмысы үлкен жауапкершілікті және кәсіби дағдыларды талап етеді. Тынбай жұмыс істеген адамға өмір несібесін бұйыртады. Көзін тапсаң, кез келген істің берекесі болады. Тек аянбай тер төгу керек,- деді сұқбат соңында Н.Халелов.

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале