28.10.2021, 17:20
Оқылды: 131

Ауылдасқа айтар алғыс мол

Бүгінгі таңда Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында қарапайым тіршілік етіп жатқан дария көңіл, дархан жүректі ауылдастарым жайлы жан сырымды ақтарып, кішкентай ауылдың үлкен жүректі азаматтарының ғажайып ерлік істерін баршаға паш етіп, мақтаныш сезіммен айту үшін қолыма қалам алдым. Иә, мен осы Жаңақазан ауылында дүниеге келіп, осы ауылда орналасқан М.Жүнісов мектебінен білім алып, ержеттім. Отбасын құрып, жан жарым Әсел екеуміз төрт баланың ата-анасы ретінде ел қатарлы өмір сүріп жатыр едік. Ел тыныш, заман түзу, уайым дегеннің де ауылы алыс еді. Әттең, өмір дегеннің ащысы мен тұщысы қатар  жүреді екен. Сол бір төтенше оқиға еңсемізді езіп, есеңгіретіп тастады. Нақтырақ айтсам, осы 2021 жыл қыркүйек айының 2-сі күні кешкі сағат 18:40-та ойламаған жерден қызыл жалын шарпып, баспанамызды ортасына түсірді.

ФОТО-c3073c0e6cf743edcdea3aef7abc0e75aecf00f9

Қапелімде не істерімізді білмей, асып-сасқан біз алдымен балаларымызды түгендей бастадық. Бар байлығымыз төрт баламыздың амандығын көргенде Аллаға мың да бір шүкіршілік еттік. Алайда «Енді не істейміз?», «Қайда тұрамыз?» сияқты сансыз сұрақтар жанымызды жаншып, жүрегімізді аяусыз тілгілей бастады. Осындай қысылтаяң шақта ақ жүректі ауылдастарым жанымыздан табылды. Қайғымызға ортақтасып, басу айтқан ел-жұртым қанатымен су тасығын қарлығаштай жан-жақтан қаумалап келіп, көмек қолдарын соза бастады. Ең алдымен құлын-тайдай бірге өскен 1973-ші жылғы құрбы-құрдастарым естіген сәттен бастап, ауыл-қаладағысы тегіс жиналып, қомақты қаржы жинап берсе, ауыл азаматтары атынан «Жігіттер» тобы да  көмек беру үшін белсене іске кірісті. Жайсыз хабарды естіген Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Әлібек Нариманұлы бастаған бір топ ауыл азаматтары баспанамыздың енді адам тұруға пайдасыз екенін, сондықтан жаңа баспана алу үшін қаржылай көмек жинау қажеттігін айтқан кезде біз Тәңірімізге мың да бір шүкіршілік етіп, жерлестеріміздің жанашырлықпен жасаған қарқынды істеріне көңіліміз бір серпіліп қалғандай болды. Сол сәттен бастап, жұдырықтай жұмылған ел-жұртым қайырымдылық жұмысына кірісіп кетті. Алматыдағы Жоламан, Нұрқуат ағамыз бастаған ағайындарымыз бен нағашыларымыз әрқайсысы 300000 теңгеден қаржылай көмегін ұсынса, аузы дуалы, қолы шипалы  Нәжімедден қыздары Роза мен Сауле және жиені Гүлнар Мақсотқызы әрқайсысы 100000 теңгеден қаржылай көмек табыс етті.Басымызға түскен ауыртпалыққа ынтымағы мен бірлігі жарасқан  ауыл тұрғындарымен бірге білім ордасы М.Жүнісов атындағы орта мектебі ұжымы да бейжай қарамай, ақшалай қаржыларын ұсынды. Сөйтіп, «басқа үй алып берейік» деген шешімге келген ауыл белсенділері саттықта тұрған Б.Есенғалиевтың үйін саудалап, 10-қыркүйек күні тура 8 күннен кейін менің отбасыма тарту етті. Меніңше, бұл үлкен ұйымшылдық пен ынтымақтастықтың, ынта-жігермен атқарылған еңбек пен  жұмыла көтерген қажыр-қайратқа толы күштің арқасы деп білемін.

2500000 теңге – бұл аз қаржы емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, туған ел-жұртым осы қаржыны жинап, баспаналы болуымызға ықпал етіп қана қоймай, үй ішін тұрмысқа қажетті дүние-мүлікпен толтыру үшін бар күш-жігерлерін аямады. Бүгін біз  құжаттары түгел, әсем жабдықталған жаңа баспанамызда жарқын болашаққа бастар жаңа күндерді қарсы алып жатырмыз.

«Жақсының жақсылығын  айт, нұры тасысын» дейді дана қазақ. Басымызға ауыр күн туғанда теріс айналмай, бала-шағасының несібесінен жырып алып, бізге көмек беруге асыққан азаматтарға айтар алғысым шексіз. «Айтылмаған сөз жетім» дегендей, елдің қамын ойлап, осы жолда аянбай тер төккен асыл тұлғалы жерлес азаматтарымыздың есімін мен бүгін мақтаныш сезіммен атап өтуді жөн көрдім. Олар: Жұбаналиев Жайылхан (100.000тг), Батырғалиев Нұржан (50.000тг), Лұқпанов Әлібек (100.000тг), Бияшев Мырзахмет (79.000 тг), Хамиев Ерлан (100.000тг), Ишанғалиев Лұқпан (40.000 тг), Құсиденов Сәрсенбай (100.000тг), Тлепбергенов Дастан (20.000 тг), Ажғалиев Асылбек (100.000 тг), Нығметжанов Нұржан (20.000тг), Қарағойшин Серік (50.000тг), Габдуллин Әділбек (20.000 тг), Байрамғалиев Бақытжан (50.000 тг), Мақсотов Ержан (20.000тг), Елекенов Манарбек  (50.000тг), Билялов Қуаныш (5.000тг), Жомартов Жақсылық (50.000 тг). Барлығы 954.000 теңге жинап берді.

Баршаңызға айтар алғысым шексіз. Менің отбасыма жасаған жақсылықтарыңыз Алладан мың еселеп қайтсын. Ешкімнің басына мұндай қасірет төнбесін. Ел-жұрт, ауыл-аймақ болып, аман отырайық дегім келеді.

Айбар Молдағалиев,

Жаңақала ауданы

Жаңақазан ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале