25.02.2021, 10:48
Оқылды: 75

Ауылға қарай бет түзе, маман!

Ауруханалар мен емханалардың жөнделуі, медициналық қондырғылармен жабдықталу деңгейі – денсаулық сақтау саласының дамуын айқындайтын негізгі көрсеткіштер. Медицина мекемелерін озық жабдықтармен қамтуға жыл сайын қыруар қаражат бағытталады. Бұл үрдіс жалғасын таба бермек. Бастапқы медициналық санитарлық көмек жүйесі де кеңейтілді. Дегенмен, салаға мамандардың жетіспеушілігі – алаңдайтындай-ақ мәселе.

DSC_0088

Дәл қазір Ақжайық ауданындағы 47 медициналық нысанда 56 дәрігер, 286 орта буынды маман тұрғындарға қызмет көрсетуде. Әрине, бұл аздық етеді. Атап өтелік, аудан бойынша 9 дәрігер, 8 орта буын қызметкері жетіспейді. Мамандықтарына қарай жіктесек, учаскелік қызметке 5 жалпы тәжірибе дәрігері, 1 акушер-гинеколог, 1 хирург, 1 инфекционист, 1 реабилитолог, 1 эндокринолог керек.

Қазіргідей індет өршіген кезеңде инфекционист, жолда апат жиілегенде хирург, реабилитологтың болмауы әрине, медицина саласы үшін оңай емес. Әрбір дәрігердің алдынан күніне ондаған науқас өтеді десек, ақ желеңділердің қызметінің маңызын айту әсте артық шығар.

– Ауданда мамандар тапшылығын азайту мақсатында біршама бастама бар. Әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру бойынша да бірқатар істердің қолға алынғандығын атап өту керек. Медицина мамандарын даярлау үшін облыс әкімінің гранты бөлінуде. Ауылға жас қызметкерлерді тартуда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да маңызы зор. Соңғы 5 жылды тарқатып айтар болсақ, 2016 жылы – 5, 2017 – 1, 2018 жылы – 3, 2019 жылы – 6, 2020-да 1 дәрігер ауданға келді, барлығы 16 жоғары білімді маман. Олардың бесеуі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында баспанаға ие болса, 9-ына қызметтік пәтерлердің кілті табыс етілді, - дейді аудандық аурухана директоры Алмас Жүнісбеков.

Расында да, аудандағылар келген дәрігерді құшағын жая қарсы алады, қолдау молынан. Қызметтік пәтер дейсіз бе, баспана алуға жеңілдетілген несие дейсіз бе, одан бөлек облыс әкімдігінен төленетін көтермеақысын қоса алғанда, барлық жағдай жасалуда. Осының бәрі адам өміріне, саулығына жауапты салада маман жетіспеушілігін болдырмау үшін мемлекет тарапынан жасалған қам-қарекет.

Алмас Тоғайбайұлының айтуынша, салалық дәрігерлермен медициналық нысандарды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс мектеп қабырғасынан-ақ басталған. Күні ертең мектеп бітіретін түлектермен тәжірибелі дәрігерлер жүздесіп, мамандықтың маңызы мен қыр-сырымен таныстырып келеді. Осылайша кәсіби бағдар бойынша жұмыстарды қолға алған аурухана басшылығы сонымен қатар жыл сайын Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде болып, түлектермен байланысты бекемдейді. Мысалы, биылғы сапардың нәтижесінде осы оқу орнын биыл тәмамдайтын 5 болашақ жалпы тәжірибе дәрігері ауданға келіп, қызмет етуге ықыласын білдірген.

Кадр тапшылығын болдырмаудың тағы бір жолы – дәрігерлерді арнайы курстарда қажет мамандыққа қайта  оқытып алу. Бұл тәжірибе ауданда қажеттілікке байланысты қолданылады. Мысалы, 2018 жылы 2 ақ желеңді анестезиолог-реаниматолог және нейрохирург мамандығына қайта даярлықтан өтсе, 2019 жылы 2 дәрігер профпатолог және кардиолог біліктіліктерін алып, қызметке кіріскен.

Бір ерекше атап өтерлігі – ауруханада жас мамандарға тәлімгерлік мектебінің жұмысы жақсы қалыптасқан. Айталық, бүгінде зейнетке шықса да, Владимир Плотников, Роза Кариева сынды медицина майталмандары, Галина Қарабалина, Шара Манасова, Ғабит Оразов сынды тәжірибелі дәрігерлер әрдайым қызметке енді кіріскен жас дәрігерлерге көмекке келуге даяр. Сонымен бірге оларға әр қызмет бойынша облыстық деңгейде тәлімгерлер тағайындалғаны да құптарлық іс.

Өңірде маман тарту, оны тұрақтандыру бағытында осындай жұмыстар бар. Қазіргі бастамалар болашақта саланың білікті кадрларымен толығып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасының жақсара түсеріне сендіргендей. Әйтсе де...

Ендігі ой аудандағы мектептерді тәмамдап, медициналық оқу орындарына грант арқылы түскен студенттерге еріксіз ауысады. Аудандық білім бөлімінен алған деректерге сүйенсек, қазірдің өзінде 164 жерлес түлек – медициналық оқу орындарының студенттері. Олардың 43-і жоғары білімді дәрігер атанатын болса,  медбике ісі, фельдшерлік, емдеу ісі, акушерлікке 121 ұл-қыз оқуда. Осы қыз-жігіттер қолына дипломын алған соң ауылға бет түзесе,  бір емес, бірнеше ауданды білікті кадрлармен қамтуға болады-ақ. Әттең, қанша жағдайын жасасаң да, жастардың көбінің бүйрегі қалаға бұрып тұратыны тағы бар. Осы ретте грант иеленген студенттерді жолдамамен маман тапшы аймаққа қызметке орналастыру керек-ау деген ой да қылаң береді. Сонда ғана ауылдарда кадр тапшылығы мәселесі мүлдем көтерілмесі анық.

Мемлекет әрдайым ауылда жұмыс істеймін, еңбек етемін деген маманға, соның ішінде дәрігерлерге зор қолдау көрсетуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңыздылығына ерекше тоқталды. Қазіргі індет, соның салдарынан орын алған дағдарыс кезінде қолға алынып жатқан бұл қолдау шаралары жүйелі жүзеге асырылатыны түсінікті. Осылайша 3 жылдан кейін дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болатынын айтпағанның өзінде, дәрежесінің, беделінің артуына да Мемлекет басшысы баса көңіл аударуда. Ендеше, жас маман, дипломыңды қолға ал да ауылға қарай бет түзе!

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале