18.04.2026, 14:00
Оқылды: 26

Ауылнай – азаматтық қоғам өкілі

   Елімізде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың маңыздылығын атап өтіп: «Халық өзі таңдаған әкімдер арқылы билікке деген сенім нығаяды» деген болатын. Бұл бастама бүгінде нақты іске асып, ел аумағында ауыл әкімдерін сайлау науқаны жүйелі түрде жүзеге асуда.

image-17-04-26-07-28 (1)

Қазіргі таңда 2021 жылдан бері аудан көлемінде 9 ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, тұрғындар өз таңдауларын жасады.

Бұл халықтың саяси белсенділігінің артып, ел басқару ісіне тікелей қатысуының нақты көрінісі. Сайлау арқылы таңдалған әкімдер жергілікті мәселелерді жақсы түсініп, ауылдың дамуына тың серпін береді деп күтілуде.

Сонымен қатар, ауылдық округтердегі елді мекендерде «ауылнайлар» немесе ақылдасушы тұлғалар институты қалыптасып келеді. Ауыл-береке мен бірліктің қайнар көзі. Біз ауылдағы өмір сүру сапасын жақсартып, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беруіміз қажет. Еңбекқор, ұқыпты азаматтар ауылды көркейтеді. Оларға жағдай жасау мемлекеттің міндеті.      Ауыл халқының мұң-мұқтажын жедел шешу мақсатында округ орталықтарынан бөлек елді мекендерде ауылнайлар тағайындау қажеттілігі туындады.

image-17-04-26-07-28

Атап айтқанда, Шыңғырлау, Ақбұлақ,Ащысай,Қарағаш,Ақтау және Алмаз ауылдық округтерінде ауылнайлар тұрғындар арқылы ұсынылып,өз жұмысын бастады. Бүгін аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев жергілікті жерлерде тағайындалған ауылнайларға куәліктерін тапсырды.

"Бұл  жұмыстың негізгі мақсаты әрбір елді мекендегі өзекті мәселелерді анықтап, оларды жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып шешу.         Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін жинақтап, ортақ мүддеге бағытталған жобаларды жүзеге асыру да маңызды бағыттардың бірі. Бүгінгі күнмен ауылдар мен елді мекен тұрғындарының жергілікті қауымдастық жиналыстарының хаттамалары  негізінде 16 елді мекенге ауылнайлар тағайындап отырмыз. Бастағалы отырған істеріңізге береке, ауылдық округ әкімдерімен жергілікті тұрғындар арасындағы және елді мекендегі мәселелерді бірлесіп іске асыратынымызға сенім білдіремін.",- деп атап өтті аудан басшысы.

Ауылнайлар – өз ауылын жақсы білетін, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейтін азаматтар. Олар ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға үлес қоспақ.

Бір жағынан ауылнайлар өзі тұратын елді мекеннің бүкіл отбасын жақсы таниды. Әр шаңырақта болып жатқан жағдайды одан жақсы білетін адам да табу оңай емес. Араздасқанды татуластыру, тентекті жөнге салу ең алдымен ауылдың  өз ішінде жүріп,нәтиже көрсеткені де абзал.

image-17-04-26-07-29

Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Ағатан елді мекенінің ауылнайы "Құрманғалиев" шаруа қожалығының басшысы Ерболат Құрманғалиев өз ойын былай білдірді:
«Бұл бастама ауыл үшін өте маңызды қадам. Біз халық пен билік арасындағы көпір іспеттіміз. Тұрғындардың мәселесін дер кезінде жеткізіп, оның шешілуіне атсалысу біздің басты міндетіміз», – дейді ол.

Шын мәнінде,халық арасынан шыққан бұл ауылнайлар жалақы алмайды.

Ауылнайлар жергілікті әкімдікпен, депутаттармен, қо­ғам­дық кеңес мүшелерімен жалпы ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс­та жұмыс істейді. Қоғамдық негіздегі қыз­ме­ті ауылдық жерлердің өркенде­уіне, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға,ауылдың санитарлық тазалығына,тәртіп мәселесіне де  бағытталған.Сонымен қатар ауылнайлардың қызметі тек кеңес берумен шектелмейді өзекті мәселелерді көтеру және олардың шешілуіне ықпал ету,ортақ мәселелерді бірігіп шешудің тиімді жолы.

Жаңа бастама алдағы уақытта ауыл өміріне серпін беріп, елді мекендердің тұрақты дамуына ықпал етеді деп күтілуде.

Жалпы алғанда, ауыл әкімдерін сайлау мен ауылнайлар қызметінің енгізілуі елдегі демократиялық үрдістердің дамуына тың серпін беруде. Бұл бастамалар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

 

Светлана Байтенова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале