22.07.2021, 16:56
Оқылды: 65

Ауылымызда кинотеатр болса...

Иә... Қазіргі пандемияға байланысты шектеу алқымымыздан қысқан уақта кинотеатрды аңсап отырғаны не деуі мүмкін қай оқырманның да. Баламыздың тойын дүркіретіп атап өте алмай қысылғанда, жә, тойды былай қоялық, әлемдегі кино алпауыты Голливудтың өзі көрерменнің қиялын шарықтататын небір фильмдерінің шығатын күнін шегеріп абдырап жатқанда, мынаның қай сасқаны дерсіз. Бірақ адамзаттың басына не келіп, не кетпеді?! Оның қасында соғыс болып жатқанда, майданның алғы шептеріндегі жауынгерлер жылжымалы кинотеатрмен көңілін бір сейілткені, тылдағы қария-бала, әйелдердің қажытқан еңбектен сол киноларды көріп, бір дамылдағаны тарихтан әйгілі. Бұл карантиннің де түбі аяқталары сөзсіз. Бұрынғыша жайма-шуақ күн де туатыны шүбәсіз.

56

Ақжайық ауданының Чапаев ауылында кеңестік дәуірде кинотеатрда сол кездің кинотуындыларының талай жауһарларын тамашалағаны жөнінде әке-анамыздан естіп өстік.  «Ол кез бір жақсы уақыт еді» деп еске алады олар. Әрине, әркімге өзінің жастық шағы ыстық. Әсіресе біз сияқты балалық шағы 90-жылдардың тоқырауына тап келген жандар үшін ол ертегідей боп естіледі. Жарық уақытпен берілетін кез, майшамның жарығында үстел басында кешкі тамақ ішіп отырғанда, би мен әні шалқыған үнді киносын көруге билет таппай, таласып жататындары жөнінде, бір көрген киносын қайталап барып тамашалағандарын сағынышпен айтып еске алатын. «Кең экраннан өзің өнерін сүйіп көретін актердің жағымсыз кейіпкермен төбелесіп, титықтап барып жеңгенін, жақсылықтың сол арқылы салтанат құрғанын көрсең, залдан шыққанда күшің тасып тұрғандай сезінетінсің», «Ал қорқынышты кино қарасаң, жан жағыңдағы әр сыбдырдан үркіп шығасың» деп отыратын. Қарап тұрсаң, соның бәрі өмір, бір адамның ыстық естеліктері. Сол әңгімелер маған тәтті қиял болып елестеп, қызығып тыңдайтын едім. Біз баламыз, жарық қашан жанады деп күтеміз, теледидар көруге асығамыз. Өзімізше сондай әсер бола ма деп...

Қазір шүкірміз, ол тоқырау заман артта қалды. Тарих қойнауына келмеске кетті. Енді сол кинотеатрды ауылымызға қайта әкелетін уақыт жеткен сияқты. Әлемдік киногерлердің жаңа шыққан бестселлерін көрсете бастаса, көрермен толық барады деп сенемін. Тіпті үлкен адамдарымыз жастық шағын еске алып, бір жасарып қалады-ау.

Өзім бала кезден киноны сүйіп өстім. Қызықты картина жарыққа шыққанын жарнамадан көріп қалсам, бір сағат бұрын теледидарды қосып, күтетінмін. Қазір жасым отыздан асып кетсе де, әлі сол әдетім қалмады. Жақсы киноның премьерасы шығыпты десе, таксиге отырамын да, Оралға тартып тұрамын. Заманауи кинотеатрда, көргенде көзің тоятын үлкен экран, даусы зор, жанға жайлы залда жаңа туынды көру деген бір ғанибет қой.

Чапаев ауылы жыл санап үлкейіп келеді. Оған дәлелді жаңа саябақтар салынғаны, жаңа үйлердің бой көтеруі, баспана салуға жер учаскесіне тұрған кезектен  көруге болады. Енді сол кинотеатр болса, ауылымыздың беделі одан сайын артып, қалаға шапқыламайтын болар едік. Жастарды бос уақытын телефонмен емес, әлемдік және отандық үздік кинотуындыларға ортақтастыратын осындай орын пайда болса, нұр үстіне нұр ғой.

Газет арқылы осы ойымды ауданымызда билік тізгінін ұстаған азаматтарға құлағдар болсын деп жазып отырмын. Оқып, саралап, кинотетарды алдағы уақыттың жоспарына енгізіп салса немесе өз ауылында керемет жобаны қолға алса, керемет болар еді.

Айжан Ақыл,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале