24.06.2020, 9:21
Оқылды: 105

Ауыз су түйіні қашан тарқатылады?..

Жәнібек ауылы тұрғындарының басты уайымына айналған ауыз су «жыры» көпшілікті алаңдатып отыр. Тұщы судың аздығына байланысты су кестемен берілуде. Оған разы болмаған тұрғындар су қысымының төмендігіне, су берілетін уақыттың қысқалығына сын айтып, әлеуметтік желілерде пікір жазуда.

C19DB5E7-2693-43CC-B7EB-A19D8292DB7B

Редакцияға да хабарласып жатыр. Осы орайда біз аудандағы ауыз су мәселесіне жауапты мамандар мен тұрғындардың пікірін тыңдап, мәселенің мәніне үңілдік.

-Ауыз судың аздығы қатты алаңдатады. Осымен екі жылдың жүзі болды, жағдай қалыпқа келмей отыр. Алдымен судың қысымы төмендеді. Сосын уақыты шектелді. Күніне су кесте бойынша алты рет берілуге тиіс болса, теміржолдың арғы бетіне су екі немесе үш мезгіл ғана беріледі. Оның өзі сыздықтап ағады. Кей кезде шелегімізге толтырып үлгермей қаламыз. Демалыс күндері, тіпті су болмай қалады. Аудан орталығында тұрып, суға зар болып отырғанымыз ыңғайсыз екен. Бұл қашанға дейін созылады? - дейді ауылдың батыс бетінде тұратын Аққағаз Ермеғалиева.

708B35CE-75C8-405B-8503-F8507C9018CA

«Бұл қашанға дейін созылады?» деген сауалдың жауабын аудан әкімдігіне қарасты «Жолаушы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Асқар Сәрсенғалиевтен білуге тырыстық.

-Жәнібек ауылының тұрғындарын ауыз сумен қамту үшін Бөкей ордасы ауданының топтық су жүйесінен «Казводхоз» РМК келісімшарт бойынша жылына 125,0 мың текше метр су сатып алады (1 текше метр су бағасы 40,00 теңге). Күні бүгін бір жылға 53 174 текше метр су сатып алынды. Қыс мезгілінде айына 7500-8000, ал жаз айларында 12 000 текше метр шамасында су сатып алынады. Қазір күніне 400-420 текше метр су ауыл тұрғындарына беріледі. Жаз айында су тұтыну көлемі көбейгенімен, тұрғындар ауыз судың бережағын сол көлемде төлемейді. Тексеру кезінде бірнеше үйге ескертіліп, оларға судың беру уақытша тоқтатылып, үй иелері есептескеннен кейін қосылды. Ауылішілік су құбырының ұзындығы 90 шақырым. Одан басқа арналары тағы бар. Сол себепті судың техникалық шығыны да қосылады. Тұрғындар бау-бақша, басқа да шаруашылық жағдайларына ауыз суды пайдаланып, ысырап етеді. 2016-2017 жылдары ауыз су кіргізілген аула саны 1200 үй шамасында болса, 2018 жылдан бері екі мыңнан асты. Үй саны көп болғанмен, тұтыну көлемі бірдей мөлшерде қалды. Кәсіпорын басқа қызмет түрлерімен айналыспайды. Су тарату қызметі табиғи монополия субъектісі болғандықтан оның қызметін, суға төленетін тарифтің бағасын табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті қадағалап отырады. Кәсіпорын қазір қаржылық қиын жағдайда. Табысы тек су төлемінен құралады. Тұрғындар уақытында судың ақшасын төлемегесін, шығын артып отыр. Шығындардың ішіне еңбекақы, ауыз су, электр энергиясы, жанар-жағармай, суды лабораториялық зерттеулер мен дезинфекциялау, әлеуметтік, мүлік салықтары кіреді. Сонымен қатар кәсіпорын теңгеріміне Қамысты, Ақоба және Талов ауылдарының су жүйесі беріліп, олардың тарифтері бекітілгенге дейінгі шығындары да қазіргі қаржылық тапшылыққа әсерін тигізуде. Тұрғындар күнделікті кесте бойынша 6 мезгіл берілетін суды үнемді пайдаланса дейміз. Су берудің қалыпқа түсуі қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз, - деді кәсіпорын басшысы.

0790EE6D-9797-4FD0-ABDB-95E79D01C8D6

Ал ауыл тұрғыны Меңсұлу Дүйсекенова судың уақытпен берілуі дұрыс деп есептейді.

«Қазір тұрғындар суды ысырап қылып отыр. Оның кестемен берілуін қолдаймын. Себебі ауыз сумен малды да, бақшаны да суарады. Тіпті, қайсыбіреулер тас соғып жатады. Ауыз суды басқа ауданнан алып отырғасын оны үнемдеу керек. Қолдағы барды қадірлеуге тиіспіз», - деді ол.

Осы мәселеге қатысты аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловпен тілдестік.

-Жәнібек ауылындағы ауыз суды пайдалану кезінде туындап жатқан қолайсыздықтардың бірнеше себептері бар. Судың тарифі 2013 жылы қаралған. Сол кезеңде жылдық норма 86 мың текше метр су тұтынылады деп және әр текше метрдің бағасы 220 теңге болып бекітілген. Бірақ сол уақыттан бері тарифтің орындалуында қиындықтар туып, бекітілген тариф орындалмай келеді. Күні бүгін судың тарифі 184,92 теңге. Бұл шығынның орнын толтыру керек. Сондықтан тарифтің орындалмауына байланысты өтемдік тариф беріліп отыр. Тарифтің орындалмауының басты себептерінің бірі – судың шығыны көп. Бір жылдың ішінде 27-28 пайыз тұтынылатын суды жоғалтамыз. Нақты айтқанда, 40 мың текше метр судың ақшасы жиналмауда. Мұның әртүрлі себептері бар. Судың трассасы жаңа болғанмен, бастапқыда салынған трассалардан суды әркім өз бетінше қосып алған. 2006 жылдан бастап тұрғындар өз беттерімен құбырларды тесіп, суды қосқан. Сол уақыттан бері олардың есебі жүргізілмеген. Көпшілігінде су есептегіштер істемейді немесе жөндеуді қажет етеді. Бірақ заң бойынша су өлшегіштерді ауыстырудың талаптары ережеде бекітілмеген. 2017 жылы Жәнібек ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су жүргізілді. Мәселен, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін ауылда тек 800 аулаға ғана су құбырмен кіргізіліп, қалғандары су таситын автокөлікпен жеткізіліп келді. Бүгінгі күні 2183 аулаға ауыз су құбыр арқылы жеткізіліп отыр. Су тарифінің бекітілген нормасы 2013 жылдың деңгейінде, ал суды тұтыну көлемі одан 2,5-3 есеге дейін өсіп отыр. Былтыр 125 мың текше метр суды сатып алып, пайдаландық. Нақты есептейтін болсақ, негізі бұдан көп көлемде пайдалануымыз керек. Аудан әкімдігінің «Жолаушы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны шығындарды өтеу үшін жұмыс істеп отыр. Өзінің шығынын өзі жаба алмағандықтан барлық жеткізушілерге, су беруші «Қазсушарға», «Батысэнергоресурсы» мекемесіне, «ҚазТрансГазАймаққа», одан бөлек салықтар бойынша да ағымдағы берешектер жинала береді. Мұның өзі су тарифінің төмендігін көрсетеді. Ал тарифті өсірмеу бүгінгі таңдағы саясат. Осындай нақты себептерге, сондай-ақ жаз уақытында су пайдаланудың көбеюіне байланысты су қоры жетпей отыр. «Жолаушы» кәсіпорны қазір жаңа кестеге көшті. Кесте тұрғындарға хабарланып, ауыз су берілуде. Бұған қарамастан халық арасында суды айырып тастайды деген түсінік қалыптасқан. Суды ешкім айырмайды. Кәсіпорын суды мұнараға резервуардан кесте бойынша береді. Сол айдалған су келесі кестеге дейін жетпей қалады. Тағы да айтамын, су айырылмайды, тек уақытымен беріледі, - деді Жақсылық Каримоллаұлы.

Карантин кезінде тұрғындарға дайын тағам жеткізумен айналысатын аудан орталығындағы «SultanKebab» дәмханасының басшысы Мөлдір Стамованың да бұл тұрғыда айтары бар.

-Ауыз су уақытпен беріледі. Бұл өте қиын. Әсіресе дәмханалардың тазалығы бірінші орында болуы керек. Қанша жерден суды жинап толтырып қойсақ та, жетпей жатады. Қай-қай тамақты пісірсең де, бәрі сумен байланысты. Бұл мәселенің шешімі табылса екен,- деді дәмхана басшысы.

Жәнібек ауылының батыс бетінде тұратын Асылбек Өтемісов жақында көршісімен бірге өз ауласынан құдық қазып алған. Жерді 6-7 метр қазғаннан кейін су шыққан. 2,5 метрге дейін су бар. Бірақ ащы. Осы сумен олар тас соғуды, бақша суаруды қолға алуда.

Ауыз су мәселесінде біз екі тараптың да пікірін беріп отырмыз. Екі жақтың да айтуы орынды. Түптеп келгенде, түйін тарқатылып, халық су тапшылығынан құтылуы тиіс.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале