20.12.2022, 16:15
Оқылды: 316

Автобусқа билет құны – 100 теңге

Күн өткен сайын ауылдың мүмкіндігі қаламен теңесіп келе жатыр. Баспанасына көгілдір отын кіріп, су тасудан құтылған ауылдар саны артты. Мұның бәрі – әрине, Тәуелсіздігіміздің жемісі, тұрғындардың тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жемісі. Дәл Тәуелсіздік күнінде Чапаев ауылында көпшіліктің көптен бергі тілегі орындалып, елді мекен көшелерімен жүретін автобус жолға шықты. Жаңа маршруттың алғашқы жолаушылары автобустың ыңғайлы екенін айтады.

10

Аудан, облыс әкімдерінің халықпен кездесуінде талай рет көтерілген мәселенің шешілуіне жеке кәсіпкер Дархан Төлепбергенов мұрындық болды. Орал қаласы мен аудан орталығының арасында екі «Газель» көлігімен арзан жолақыға жолаушы тасымалдайтын кәсіпкердің бұл салада тәжірибесі мол, бақандай 10 жыл. Өзінің айтуынша, аудан орталығының көшелеріне маршруттық автобус шығаруды көптен ойластырыпты. Істің орайы келген сәті осы болған екен: сатып алған ыңғайлы автобусын жүргізуші жалдап тұрғындар игілігіне жолға салтанатты түрде шығарды.

– Автобус таңғы сағат 7.30-да ауылдық округ әкімшілігінің алдынан қозғалып, Халық банкі, Қазпошта, М.Әуезов атындағы мектеп, емхана, аграрлық-техникалық колледж аялдамаларына тоқтап, Жайық ауылына жол жүреді. Сосын кері аудан орталығына бет алғанда, Қазпоштадан Абай атындағы мектеп-гимназияға бұрылып, автобазаға дейін жүреді. Осылайша түске дейін 3 рейс, түстен кейін 3 рейс жасалады. Уақыты да ыңғайлы, адамдар жұмысқа, балалар мектепке, үйге шығатын кездерде жүріп тұр. Кешкі 7-де Жайық ауылынан қайтатын автобус гимназиядан мектеп оқушыларын алып, Қарасай шағын ауданына дейін жеткізеді, – дейді Д.Төлепбергенов.

Билет құны да қалтаға салмақ түсірмейді – небары 100 теңге. Таяқ тастам жерге жеткізу үшін 300 теңге алатын таксиге қарағанда, жолаушыға осы ыңғайлы екені айдан анық.

– Аудан орталығы кеңейіп келеді. Жаңа көшелер, шағын аудандар бой көтерді. Маршруттық автобустың жолға шыққаны жұртшылықты қуантты. Десе де, бұл бастама баянды болуы үшін тұрғындардың қолдауы қажет. Жолаушылар легі неғұрлым көп болса, осы істі қолға алған кәсіпкерге де тиімді. Қазір жеке кәсіпкерге мемлекет тарапынан жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерге берілетін субсидияның бөлінуіне құжаттарды жинап қойдық. Келешекте автобус қызметіне сұраныс жақсы болса, Мұнай базасына қатынап, аудан орталығының өзге де көшелерімен жүретін маршрутқа көлік шығаруды Д.Төлепбергенов көздеп отыр, – дейді аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбек Замеров.

Әсел Сағын,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале