Азамат Мұқашевті аудан орталығы, жақын ауылдардың тұрғындары жақсы таниды. Танымағанда ше, 2014 жылдан бері бау-бақша өсіріп, өнімімен ауылдастарын, қала берді, облыст орталығын да қамтамасыз етіп келеді. Бақшасында дәруменді көктің түр-түрі өседі: қауын, қарбыз, қияр, қызанақ – не керектің бәрі бар. Ерте көктемнен қара күзге дейін созылатын бақшаның жұмысында жүретін оның еңбекқорлығының дәлелі емес пе: жүзі күнге де, желге де әбден қақталған. Ауыл іргесіндегі бақшаның күтімі, одан қалса, өнімін саудалау бар, әйтеуір, бір бітпейтін дамылсыз қарбалас. Уақытының бәрін жұмысына арнайтын осы жігіт осыдан бес жыл бұрын жылыжай салып, ерте өнім шығаруды қолға алып еді, араға 6 жыл салып, ауқымын кеңейткен екен. Оған жуырда өзіміз де куә болдық.
Азаматтың жылыжайлары «Орал-Атырау» күрежолынан көп алыс емес, арықтың дөп қасынан орын тепкен. Кезекті іссапардан келе жатқанда, осы жылыжайларға көзіміз түсіп, соға кетуді жөн көрдік. Келсек, қақпа құлыптаулы тұр. «Ешкімге ескертпей келген өзімізге де обал жоқ» деп, кері қайтуға оқталғанымыз сол еді, қақпаның әр жағынан Азаматтың өзі шыға келді. Аман-саулық сұрасып, келген мақсатымызды айтқан бізді бағбан жылы қарсы алып, жұмысының бағытын бабымен баяндап берді.
Жоғарыда айта кеткеніміздей, Азаматтың иелігінде 40 гектар танап бар, оның 15 гектарына қауын мен қарбыз егіледі. Ал біз бас тіреген жылыжайлар аумағы шамамен 3 гектардай, бағбан бұл жерде тек қияр мен қызанақты өсіреді. Қазір нысан басында әрқайсысы 1000 шаршы метрден заманауи 3 жылыжай тұр. Тағы біреуінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұйыртса, кәсіп иесі кезекті жылыжайын күні ертең іске қоспақ.
– Бұл жылыжайларда тек қияр өсіреміз. Биыл алғашқы дәнін 14 ақпанда егіп едік, наурыздың аяғында өнім бере бастады. Осының басында менімен қоса, 7 адам бармыз, өнімін араға күн салып жинап, сол күні Чапаев пен Орал қалаларына көтерме бағамен жеткіземіз. Өнімі жақсы – бір жинағанда 1,5 тонна шығады. Шүкір, аудан орталығындағы дүкендерді жергілікті қиярмен қамтамасыз етіп отырмыз деп айтуға болады, – дейді бағбан.
– Әр істің өз қиындығы болатыны анық. Жазық далада емес, жылыжайда қияр өсірудің де өз күрмеуі бар шығар?
– Айта берсе жұмыс көп қой, тек еңбектену керек. «Ынтасыз ырыс жоқ, ауырсыз жеңіл жоқ» деген. Қияр – өте кірпияз көкөніс, бір ыңғайын таба алмасаң, солып қалады. Жылыжайда өсірсең, тәулік бойы арнайы күтім қажет. Жылыжайдың температурасы 20 градустан жоғары болу керек, ең бастысы, жарықтың мол түсуін ескерген абзал. Несін айтайын, бастапқыда көп ерекшеліктерін түсіне бермедім деп айтсам, өтірік емес. Алғашқы жылдары табысымыздан шығынымыз көп болды. Көкөністердің мерзімімен өршитін ауруы бар, зиянкестері бар – солармен күресіп үйрендік, тәжірибе жинақтадық. Қазір кәсіби тұрғыда жетілдік деуіме әбден болады, – деп жауап берді Азамат.
Жылыжай қиярлары негізінен голландиялық «Мадрилен» сұрпы. Бұл дән – ауруға төзімді, климат талғамайтын, өнімділігі жоғары сорттардың бірі. Қанша төзімді дегенмен, зиянкестерден қай уақытта да қорғау керек өсіргеніңді. Осы ретте Азаматтың ізденімпаздығын атап өтуіміз керек. Өзі білмегенін ғаламтордан үйреніп, кәсіпке әбден машықталып алған.
– Көкөністер де адам сияқты, түрлі аурулары бар. Әбден енді өнім береді-ау деп күтіп жүргенде, жылыжай толы қиярды кенеттен дерт меңдеп, тамырынан шіріп кеткен кездері болды. Ауруға қарсы дәріні табарсың, бірақ оны қандай мөлшерде езу керек, қандай мөлшерде құю керек – оны білмейміз. Интернеттен іздедік сол деректің бәрін. Қанша жыл бақша салып отырмыз, сонша жыл оқып, үйреніп келеміз, – деген бағбанның сөзі қай істе де білімнің қажет екенін анық аңғартып тұрған жоқ па?!
Жылыжайдан Азаматтың қиярларын баладай баптайтыны тайға таңба басқандай байқалады. Нысан басы су мен газ, жарыққа қосылған. Әр жылыжай газбен жылытылады. Қиярдың әр түбіне тамшылап су жетіп тұр. Осында жұмыс істейтін 6 қызметшісіне де жағдай жасап, баспана тұрғызып қойыпты. Осында ауқаттанып, тынығып та алуға болады.
Жылыжай құрылысына да үлкен мән берілген. Металл каркасты жылыжайлар Оралдан алдырылған темірден жасалады. Ал жылыжайды қаптайтын арнайы целлофан Қытайдан жеткізіледі. Бұл материал сапалы, 5-6 жылға дейін өз қасиетін жоғалтпайды.
Иә, еңбек деген ерінбеген жететін бақыт. Бақуатты береке, адал ырысын еңбектен тапқан Азаматты расында да нағыз азамат деуге тұрады.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы