24.05.2023, 21:28
Оқылды: 62

Азаматтық жауапкершілікті арттыру қажет

Бүгін Казталов ауданы Бірік, Талдықұдық ауылдық округтерінде әкімдердің халыққа есеп беру кездесулері өтті. Жиындарға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты. 

20230524052302_IMG_8433

Бірік ауылдық округінде өткен есеп беру кездесуінде округ әкімі Жігер Жакиев халық тарапынан жиі көтерілетін мәселелерді шешу жолдары мен шешімін тапқан мәселелерге тоқталды.

-Осы уақытқа дейінгі есеп беру жиындарында бірқатар мәселелер көтеріліп, қазіргі таңда шешілуде. Мәселен, Саралжын елді мекенін орта буынды медицина қызметкерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Казталов аудандық ауруханасының басшылығымен келіссөздер жүргізіліп, оң шешімін табуда. Қазіргі уақытта аталған елді мекенде Әжібай фельдшерлік-акушерлік пункт меңгерушісі Гүлзира Төлегенова атқаруда. Казталов-Жәнібек-РФ бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың Әжібай ауылы бағытына жол белгісін орнату мәселесі де шешімін тауып, «Юнисерв» ЖШС жол құрылысы аяқталған соң белгі орнатуға келісімін берді. Сонымен қатар, Әжібай ауылына техникалық су тарту, Бірік жалпы орта білім беретін мектебін күрделі жөндеуден өткізу бойынша да тиісті шараларды қолға алдық, - деді округ әкімі.

IMG-20230524-WA0089

Бірік ауылдық округінің тұрғындары есеп беру кездесуінде жол мәселесі мен мектепке және мектеп жанындағы интернатқа күрделі жөндеу, мал бағымын ұйымдастыру, қоқыс полигонын қоршау, жер мәселесі, техникалық су, киік, заңсыз такси қызметін заңдастыру мәселелерін көтерді. Қойылған сұрақтарға аудандық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Артур Берденов, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының бақылау-тексеру басқармасының басшысы Бисебай Төлепов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Сағат Нұрмағамбетов және округ әкімі жауап беріп, шешу жолдарын ұсынды. Халықпен есеп беру кездесуінен соң аудан әкімі қоқыс полигонының жай-күйімен және оны қоршау мақсатында атқарылып жатырған жұмыстармен танысты.

IMG-20230524-WA0090

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Талдықұдық ауылдық округінің әкімі Ақжол Қазиуллиннің халықпен есеп беру кездесуіне де қатысты. Жаңа форматта өткен кездесуде округ әкімі сандарды сөйлетіп баяндама оқымаса да округте атқарылып жатырған жұмыстарды айтып өтті. Аудан басшысы жиында бірқатар мәселеге тоқталды.

-Қазіргі таңда ауданымыз қарқынды дамып келеді. Округтерде де бірқатар жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, айтуға тиісті мәселелер де жоқ емес. Ауданымызды, ауылдар мен елді мекендерді дамытуға тиісті қаражат бөлініп, жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ, салық түсімі аз. Айта кету керек, сіздердің төлеген салықтарыңыз округтің дамуына, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге жұмсалатын болады. Егер ауылды дамытамыз десек азаматтық жауапкершілікті арттыруымыз керек, - деді аудан әкімі.

Асланбек Ахметоллаұлы халықты заң талаптарын сақтауға, ауылды абаттандыру жұмыстарына үлес қосуға, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында белсенділік танытуға шақырды. Сонымен қатар, аудан басшысы «Ауылдық округ әкімдерін бағалау көрсеткіштері» аудандық жобасын да тілге тиек етті.

Есеп беру кездесуінде округ әкімі Ақжол Қазиуллин ағымдағы жылға жоспарларымен бөлісті.

-Ағымдағы жылға «Ақбұлақ» бағдарламасымен салынған су құбырларының ақауы бар жерлерін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік нысандарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету, Хайруш елді мекеніне ұялы байланыс желісін орнату, Талдықұдық ауылы ішіндегі және Хайруш елді мекені, Таскүтір қыстағы бағытындағы электр желілерін жөндеу, Талдықұдық-Жалпақтал бағытындағы 44 шақырым болатын жолдың 15 шақырымына жобалық-сметалық құжат жасақтау жұмыстары жоспарланып отыр, - деді округ әкімі.

Талдықұдықтықтар жиында жол мәселесін көтеріп, балабақшаға күрделі жөндеу қажет екендігін жеткізді.

Халықпен кездесу жиынынан соң аудан әкімі талдықұдықтық Марат Иманғалиев есімді азаматтың жылыжайымен танысты. Марат Иманғалиев 2020 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грант алып, жылыжай жасап, көкөністер еккен. Қазіргі уақытта жылыжайда тек қияр өсірумен ғана айналысып жүр. Ауыл тұрғыны халықты өнімдерімен қамтамасыз етіп, төмен бағада сатып отыр.

Бүгінгі жиындарда әкімдер халықты жеке мәселелері бойынша да қабылдап, көкейдегі сауалға жауап берді.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале