3.09.2021, 14:44
Оқылды: 64

Азат елдің мәрт азаматы

Таяуда Жаңақала ауданындағы Рухани орталық ғимаратында тамаша сәттің куәсі болдық. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақ тобының жетекшісі Қайрат Маратұлы дайындайтын жас спортшыларға жеке кәсіпкер «Rashidov» шаруа қожалығының иесі Азат Лаврұлы 260 мың теңге көлемінде демеушілік жасады. Бұл қаржының 200 мың теңгесіне арнайы ағаштан жасалған тоғызқұмалақ тақтасының 8 данасы және 4 дана спорттық сағат алынды.

ааа

Жүрегі кең, пейілі ақ Азат Лаврұлы тоғызқұмалақтан топ жарып жүрген спортшыларды мерекемен құттықтап, толағай табыстарға қол жеткізулеріне шынайы ықыласын білдірді. А.Рашидов «Жаңарған өңір» газетіне де үнемі қолдау білдіріп, жазылым сайын өз қаражатынан 20-30 отбасыға тегін газет тарту ететінін көзіқарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Семей қаласында өткен тоғызқұмалақтан ҚР жасөспірімдер арасындағы жекелей чемпионатында 11 жас ұлдар арасында классика түрінен жеңімпаз атанған Бейбарыс Жолдасқалидың пікірін білген едік.

- Бұл күн біздің есімізде ұзақ сақталары сөзсіз. Сапалы әрі қазақы нақышта айшықталған тақта жарысқа деген ынта-жігерімізді арттырады деп нық сеніммен айта аламын. Кәсіпкер ағамыздың өзі аяқтай келіп, бізбен дидарласып,  тоғызқұмалақ тақтасын табыстаған кезде алдағы жарыстарда жауапкершіліктің жүгі ауыр болатынын анық сезіндім. Спортшыға керегі қолдау мен жылы пікір. Бұйырса ауданымыздың атын байрақты бәсекелерде бәрі танитындай дәрежеге жеткізуге барымызды саламыз, - деді ол.

Спортқа қатысты ақпараттың көбін жазғандықтан демеуші болып жүрген жандардың есімдерін жақсы білеміз. Солардың ішінде Азат Рашидов ойып тұрып орын алатын болды. Бұрын-соңды болмаған көмек көрсетіп, мәрттігін танытып, ауданымыздың тоғызқұмалақшы оғландарын қуанышқа бөледі.

- Азат Рашидов бауырымызға ұсыныс білдірген кезде бірден құп алды. Төбеміз көкке екі елі жетпей қуандық десем артық айтқандық емес. Бапкер үшін ең маңыздысы – шәкірттерінің алаңсыз жаттығу жасағаны, ал соған жету үшін біздерге ағаш тақта ауадай қажет болды. Себебі, республикалық, халықаралық жарыстардың барлығында стандартқа сай ағаш тақта қолданылады. Қауырсын тақтамен дайындап апарған жас спортшылар ағаш тақтаға үйренісе алмай, ол нәтижеге сәл де болсын кері әсерін тигізген сәттер де кездесті.  Осы орайда Азат Лаврұлы Рашидовке аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің атынан, өзімнің және барлық шәкірттерімнің ата-аналары атынан шынайы алғысымды білдіремін. Қол жомарттығын көрсету жақсы тәрбие алған көрегенді жердің азаматынан шығады деп есептеймін. «Әкеге қарап ұл өсер» деген даналық сөздің астарында үлкен мән жатыр. Азаттың әкесі Лавр Хайретдинов мырза да ауданымыздағы ұлттық ойын тоғызқұмалаққа біраз қолдау көрсетті. Реті келіп жатқасын айтып жатқаным ғой. Кәсіптеріне береке, істеріне сәттілік тілеймін, - дейді біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы Қайрат Шаутенов.

 

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале