20.03.2020, 13:58
Оқылды: 53

Бағаны бақылауға алғанда ғана тұрақтанбақ

  Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев халыққа жолдаған үндеуінде «Елімізде азық-түлік қоры жеткілікті. Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттауға жол берілмейді» деп тиісті сала өкілдеріне қатаң тапсырма берген болатын.46D696F1-7C9D-4411-9B5F-3C43C6E4EE13

Дегенмен өңіріміздегі кейібір сауда нысандары бағаның өсуіне жол бергені жасырын емес. Осы орайда, дабыраның негізгі себебін анықтап, төмендегі жағдайларды білдік. Нақтырақ айтсақ,16 наурыз  күні сауда орындарында азық-түлікті көптеп сатып алу фактілері байқалған. Сол себепті «Nur Оtan» партиясы аудандық филиалы мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің мамандарының қатысуымен аудан орталығындағы тауар сатушылар және тауар тұтынушылармен түсінік жұмыстары және азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізілді.

 Мониторингтік бақылау кезінде аудан орталығындағы сауда орындарының иелерімен де  әңгімелесе отырып, мән-жайға қанықтық. Нақтырақ айтсақ, тұрғындардың тауарларды көптеп  сатып алуларына байланысты тауар тез өтіп, тіпті  дүкен сөрелері мүлдем босап қалған. Бір күн ішіндегі мұнша тауар айналымын көрген сауда иелері де тауар алатын жерге мейлінше көбірек сұраныс жасауға тырысқан. Нәтижесінде  келесі келер тауардың бағасы әп-сәтте өсіп шыға келген. Демек, бағаның өсуіне себеп: тауар алушылар және облыстан тауар жіберушілер болып отыр деп түсінеміз. Зерделей қарасақ, өзіміздің сауда нүктелерімізге азық-түліктің дені Орал қаласындағы «Алтын алма» көтерме сауда орталығынан келеді екен. Сауда-саттықпен айналысатын  кәсіпкерлеріміздің түгелдей дерлігі осы жерден тікелей алып отырған. Енді олардың  тауарға қосқан бағасына қарай  бізде де  аз-мұз баға өскен. Ал ұнның бағасына келсек, оның аудандағы мөлшері аздығына  байланысты  ұн бағасында өзгерістер орын алғаны рас. Себебі «Белес» астық қабылдау мекемесі уақытша жабылған.

    «Бұның барлығы да адамдарды коронавирус жұқтырудан, инфекция таралудан сақтау үшін жасалған шаралар. Десек те, осы ережемен жете таныспағандар немесе еліміздегі жағдайды толық түсінбей отырғандар кесірінен ел арасында дабыра туындау қаупі де жоқ емес. Осындай негізсіз қобалжу тудыру нәтижесінде үріккен халық, ең алдымен, дүкендерден тағамдарды толтырып алуға ұмтылуда. Себебі бұл жағдайдың  уақытша екендігін түсінбегендік дер едім», - дейді кәсіпкерілік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы  Рустем Еслямов.

   Аудан орталығындағы сауда орындарын аралай жүріп, ауыл тұрғыны Жұмазия  Көпешованы тыңдадық, ол «Астана» супермаркетінде болып, таңертең  тауар алған. Ал түстен кейін қайта осы жерге қайта келгенде  бағаның әп-сәтте өзгеріп кеткеніне қынжылып тұр. Демек, мұнда баға тұрақсыз дейді ол. Ал азық-түліктің бағасы күні бүгінге дейін «Бәйтерек» және «Лидер» дүкендерінде сол күйі сақталып тұрғанымен, өсу мүмкіндігіне шек келтіруге болмайды. Ал өз тұтынушыларына қолжетімді бағаны ұсынатын «Парк» дүкенінен тауар алып тұрған Дидиев Сайхан (фото) өз ойын былай жеткізеді: «Парк» дүкенінен үнемі тауар аламын. Жайдары жүзді  сатушысы бар бұл дүкендегі барлық тауар  бағалары сол күйі, еш өзгеріссіз. Осыған қарап неге адамдар тауарды қапшықтап көтеріп, бәрін сатып алып жатыр деп таң қаламын. Қымбатшылықты өз қолдарымен туындатпағандары дұрыс еді ғой».

Иә, әсте де  дүрбелеңге ермеу парыз. Осындай кезде көзі ашық көңілі ояу, жауапкершілігі мол жандар екендігімізді тағы бір көрсеткен дұрыс-ау. Президентіміздің Жарлығында айтылғандай, әсіресе 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын негізсіз өсіргендер жазалануы тиіс. Ендеше, асыра сілтемей, халықтың жағдайына да қарайық, ағайын!

 Айсұлу Арыстанова

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале