4.08.2020, 13:50
Оқылды: 111

«Бағдарламаның берері бар-ау, бірақ…»

Көш басында - ұстаздар

Еліміз, әсіресе жастар жағы «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көруде. 2009 жылдан бастап қолға алынған бұл бағдарламаның басты мақсаты – ауылдық елді мекендерге мамандар тарту, оларға мейлінше қолдау көрсету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында аталмыш бағдарламаны көбірек қаржыландыруды тілге тиек еткен еді.

D091FA26-3A8E-48A8-AC6D-8DD148AB9D8E

– Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке  осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Демек, жасампаз бағдарламаның игілігін одан әрі  көруге болады деген сөз.

Теректі аудандық экономика және қаржы бөлімінің  берген мәліметіне сүйенсек, атаулы бағдарламаны іске асыру аясында өткен жылы тұрғын үй сатып алу үшін  республикалық бюджеттен  37 маманға 140 802.1 мың теңге, ал жергілікті  бюджеттен 110 маманға көтерме жәрдемақыны төлеу мақсатында 19 428.3 мың теңге көлемінде  қаржы қаралған.

513E3C62-BB38-45B7-A108-0090B78D8B2A

Биыл да бұл жоба жалғасын табуда. Айталық, тұрғын үй сатып алу үшін берілген бюджеттік кредит бойынша 65 маманға жалпы сомасы  258 472.0 мың теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда 53 маманға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Тінін тарқатсақ, 37 педагог, 9 дәрігер, 6 өнер иесі, агроөнеркәсіптік кешені саласының бір маманы жобаның жақсылығын көріп отыр. Сонымен қатар 140 маманға жалпы сомасы 37  114.0 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы қарастырылған. Мәселен, білім беру – 109,  денсаулық сақтау – 21,  мәдениет – 8, агроөнеркәсіптік кешен салаларының 2 маманына берілген. Байқауымызша, баспана және көтерме жәрдемақы алу бойынша ұстаздар қауымы көш бастап тұр.

Үлгі тұтатын Үміткер кім?

Елінің келешегіне алаңдаған адамға «Жастарыңды көрсет, еліңнің ертеңін айтайын» деген екен әйгілі данагөй. Осы орайда, көпшілік қауым бір ауыздан Үміткерді айтар еді. Хош, сонымен жұртшылық үлгі тұтатын Үміткер кім?

1994 жыл. Қазталов ауданы, Көктерек ауылы. Орынғалиевтердің шаңырағын шаттыққа бөлеп  Үміткер есімді сәби дүниеге келді. Елгезек болып өскен ол 2000 жылы Көктерек орта мектебінің табалдырығын аттап, 2012 жылы үздіктердің қатарынан табылып тәмәмдайды. Сол жылы Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің  «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түсіп, 2015 жылы аяқтайды. Әбіш және Сатыбалды негізгі жалпы білім беретін мектептерінде мамандығы бойынша бала тәрбиелеген. Сонымен бірге тәлімгер болып та жұмыс істеген. Кейін Теректі ауданына келіп, «Теректі жаңалығы» газетінде тілшілік қызмет атқарған. Сөздің орайы келгенде айта кетейік, кейіпкеріміз дәл қазір редакцияда жұмыс істемесе де, басылымға жазылу науқанында біздерге көмегі көл-көсір болды. Жергілікті басылымның «көбеюіне» жәрдемдесіп, демеушілер іздеп қолдау танытқанына алғысымыз зор.

Үміткер  – қазіргі уақытта Теректі аудандық балалар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогы қызметінде. Жұмыспен қатар Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде білімін сырттай жалғастыруда.

Жігерлі жас «болдым, толдым» деп отырған жоқ. Үнемі ізденіс үстінде, қашан көрсең де бір тыным таппайды. Жүйелі жұмысынан жүлделі жеңістері де бар. Мәселен,  ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы және республикалық «Білім айнасы» газетінің мақтау қағазымен марапатталған. Өз-өзін жетілдіріп қана қоймай, шәкірттерін де аудандық, облыстық, республикалық түрлі байқауларға дайындап, қатыстырып отыруды әдетке айналдырған. Оқушылары да жүлдеден құралақан емес. Ұстаздық қызметтен тыс уақытында өңірдің өркендеуіне де үлесін қосып жүр. «Әкім сағаты», «Теректідегі тебіреніс» сынды жобалардың жүргізушісі болуы – осының дәлелі.

– Уақытпен санаспай, ұстаздық және лауазымдық қызметіме адал болып, шәкірт жүрегінен орын алған «ең сүйікті мұғалім» болып қалу ең басты арманым. «Алдыңда не күтіп тұр соны ойла. Игі мақсатқа тура жүрген жетеді» деген Фирдоусидің даналық сөзі – өмірлік ұраным, – дейді  ұстаз.

Мінекей, Үміткер – жас болса да,  осындай үлгі тұтарлық жан! Айтпақшы, ол таяуда Теректінің төрінен баспанаға да қол жеткізді.

– «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспана алуды ұйғарып, Теректі аудандық экономика және қаржы бөліміне 2019 жылдың қараша айында құжаттарымды тапсырдым. Сайып келгенде,  комиссиядан өтіп, осы жылдың маусым айында үйді сатып алуға арналған 4 млн. 167 мың теңге қаржыға қол жеткіздім. Қазір аудан орталығы Федоров ауылынан М.Горький атындағы көшеден үйімді алдым. Жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауыз су, көгілдір отын, жарық, барлығы бар. Осындай жақсылыққа атаулы бағдарламаның арқасында жеткенім рас. Бұл жоба арқылы жастарға мемлекет тарапынан қолдау бар екенін сезіндім. Бағдарлама аясында тек үй алғаным жоқ, сондай-ақ 265 100 теңге көтерме жәрдемақыны да алып, қуанып қалдым, – дейді Ү.Орынғалиев.

Баспана бағасы шарықтап тұр

– Он жылдан астам уақыт елге тұрақты түрде әрі үздіксіз қызмет көрсетіп жатқан жобалардың бірі – «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы. Мен өткен жылы осы бағдарламамен үй сатып алдым. Бағдарламаның берері бар-ау, бірақ бізге бөлінетін қаржы көлемі аз-ақ. Өйткені ауылдарда баспана бағасы шарықтап тұр. Ауылға жұмыс іздеп, отбасымызбен келіп қалған соң, амал жоқ, мемлекет тарапынан берілген қаржы үстіне қаржы қосып, бағасы «ұшып» тұрған үйді алдық. Шыны керек, қаладағы кейбір үйлердің бағасымен бірдей. Сондықтан да соңғы кезде қолында дипломы бар жастар ауылға келіп, жұмыс істеуден бас тартуда. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атаулы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырғанын естіп қалдым. Бұл – жақсы жаңалық!  Енді жас мамандар ауылға ағылатын болды, – дейді Жансая Мұратова.

Самал Жолдығалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале