25.12.2023, 23:30
Оқылды: 22

Бәйтерек ауданы: Ата-аналарды қолдау орталығы жүйелі қызмет етуде

Кейінгі жылдары мектепте ұлттық құндылықтарға негізделген көптеген жоба қолға алынды. Мәселен, биылғы жаңа оқу жылынан бастап, 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау», «Оқуға құштар мектеп», «Балалар кітапханасы» жобалары іске асырылуда.

IMG-20231207-WA0092

Бүгін Бәйтерек ауданы мектептерінде ашылған ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы, оның мақсат-міндеттері жайында баяндамақпыз.
«Әділетті Қазақстан: адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» атты білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде ҚР Оқу-ағарту министрі білім беру ұйымдарында «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» білім берудің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатқанын жеткізген еді. Яғни министрлік оқушылармен, ата-аналармен және қоғаммен идеологиялық жұмысты жандандыруға бағытталған 2023-2025 жылдарға арналған Бірыңғай білім беру бағдарламасын әзірлегені айтылды. Ондағы ең бірінші басымдық – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара әрекеттесуін күшейту, бала тәрбиесінде оң мәдениетті дамыту. Жобаға ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, психологиялық және әлеуметтік құзыретін дамыту міндеті жүктеліп отыр.
Қыркүйек айында ауданның барлық мектебінде құрылған орталық оқу жылының соңына дейін барлық сынып оқушыларының ата-аналарына сегіз сабақтан өткізу жоспарланған. Ол сабақтарда ертегі, аңыз-әңгімелер, батырлар жырларынан үзінділер келтіру, мақал-мәтелдер, халық әндері, дала ділмарларының шешендік сөздері, жыраулар шығармашылығы, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың, ұлттық киімдердің маңызы, ұрпақтар тізбегі (шежіре), ер мен әйелдің қоғамдағы орны, туыстық қатынастардың ерекшеліктері қамтылады. Сонымен қатар жоба аясында «Даналық мектебі» клубы құрылды. Клуб мектептің нақты сұраныстарына сәйкес «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» секілді секцияларды ұйымдастыру арқылы ұлтымызға тән туыстық қарым-қатынастарды ұрпақ бойына сіңіруді мақсат етеді.

Мәселен, Мичурин мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде тәрбие жұмысының рөлін күшейтуге көп көңіл бөледі. Аталмыш білім ұясының директоры Алмагүл Кенжебаеваның сөзіне қарағанда, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының» әдістемелік жобасы ойдағыдай жүзеге асуда. Сабақ барысында әртүрлі әдіс-тәсілдер семинар-практикумдер, тренингтер, іскерлік ойындар, пікірталастар, талқылаулар өтеді. Мысалы, жуырда 5-сыныпта «Отбасылық дәстүрлер» тақырыбында «Педагог-ата-ана-бала» үштік бірлескен өнеге сағаты ұйымдастырылды. Сынып жетекшісі Бақыт Каленова өткізген сабақта қатысушылар қазақ салт-дәстүрлері жайлы пікір алмасып, отбасында қандай дәстүрлерді ұстанатындығы туралы әңгіме өрбітті.

IMG-20231208-WA0033
Қорыта айтқанда, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде педагогтар мен ата-аналардың өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған жобаның пайдасы көп боларына сенім мол.

Ақгүл Абдрахманова, Переметный ауылының тұрғыны:
-Таяуда Қ.Аманжолов атындағы орта мектептегі ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы "Баланың бас ұстазы –ата-ана. Позитивті ата-ана болу: тыңдау, есту, естірте білу", "Отбасы – бақыт бесігі" тақырыбында сабақ өтті. Ата-аналарға арналған аталмыш сабақ барысында позитивті ата-ана қандай болу керек, баланың бойындағы құнды қасиеттерді дамыту бағытында ата-аналарға жаттығулар берді. Ал "Сіздің балаңыздың портреті" деген тренингті тіптен қызы болды. Мектеп психологтары А.Махатова мен Т.Талапқалидың ұйымдастыруымен өткен сабақ бізге жағымды әсер қалдырды.
Азамат Майемер, Белес мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің директоры:
- Бүгінгі таңда елімізде біраз отбасы балаларды толыққанды тәрбиелеу мен дамыту, олардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасай алмай отыр. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесі қоғамда отбасы институты әлсіреп, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтымызға сай отбасылық құндылықтар мен дәстүрлердің жоғалып бара жатқанын анықтады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен бұл олқылықтың орнын білім беру ұйымдары ата-аналармен бірлесіп толтыру қолға алынып жатыр. Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы осы мақсатта құрылды. Бала тәрбиесінде отбасының рөлі зор. Сол себепті сапалы білімді, патриотизмді, на¬ғыз маман болуды, үнемшілдік пен еңбекқорлықты қалыптастыруға оқушы – мұғалім – ата-ана бірлесе жұмыс атқаруы шарт. Мектебімізде де бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Көп кешікпей ол өз жемісін береді деп ойлаймын.

Нұрсәуле Әбілпейсова,

Бәйтерек ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале