30.03.2024, 14:05
Оқылды: 62

Бәйтерек ауданы: Белесте Деркөл суы шекті мөлшерден асты

Кешегі қарғын судың әлегін көрген белестіктердің ендігі уайымы – Деркөл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі болып отыр.

Белес су 2024

Жан-жақтан ағып келіп жатқан қар суларынан Деркөлдегі су деңгейі жоғарылап, ол Белес пен Ақжол ауылдарына қауіп төндіріп отыр. Белес ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Жүнісованың сөзіне қарағанда, өзен суы көтерілуінің шекті мөлшері 600-650 саниметр болса, 30 наурыздағы жағдай бойынша 671 саниметрге жетті.

Белес су 2024

- Whatsapp желісінен ауылдық округтағы мекеме-кәсіпорын, шаруашылық басшылары бар арнайы чат құрылды. Гидробекетке жауапты адам осында Деркөлдегі су мөлшері бойынша мәліметтер беріп отырады. Соған қарап тиісті іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Бүгінгі таңда өзен жағасын нықтау бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қазір Ақжол ауылында 34 баспана, 132 тұрғын бар. Егер жағдай күрделене түссе, олар Белес ауылында жасақталған эвакуациалық бекеттерге көшірледі. Өзен деңгейі көтерілсе Белестегі Деркөлге жақын орналасқан Жағалау, Татулық, Мерей, Рауан, М.Өтемісов секілді көшелердегі 25 үйде тұратын 80 адамға да қауіп жоқ емес. Кейбір үйлердің ауласына су жақындап қалды. Баспаналарына су кірсе, олар да мектеп, клуб, балабақша, амбулаторияда жасақталатын эвакобекетке орналастырылады. Бұл бағытта қажет техниканың бәрі дайын. Соған орай үйлерін су басу қаупі бар тұрғындарды ескерттік. Олар қажетті заттары мен құжаттарын әзірлеп қойды. Қазіргі уақытта су басу қаупі бар болғанымен, жағдай тұрақты. Өзендегі су деңгейі сағат сайын бақылануда, - деді ауыл әкімі.

Белес су 2024

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале