23.03.2024, 17:05
Оқылды: 21

Бәйтерек ауданы: Құрманғазы ауылында «тату көше» акциясы өтті

Әз-Наурыз – ұлттық рухымыздың, мәдениетіміз бен өнеріміздің, салт-дәстүріміздің, тіліміз бен діліміздің өзегі. Биылғы «Наурызнамада» құрманғазылықтар мұны айтарлықтай сезінгендерін айтты.

IMG-20240323-WA0149

650-ге тарта тұрғын бар Құрманғазы ауылында көктем мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Мерекелік іс-шаралар аясында «Тату көше» акциясының орны ерек. Мұнда көршілер төс қағыстырып, ауылдастар асыл дәстүрді жаңғыртып, думандатып, көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бірлік пен ынтымаққа негізделген игі бастама «Наурызнаманың» он күндігіне орай қолға алынған.

Наурыз мейрамы қарсаңында бұл акцияны аталмыш ауылдағы Достық, Құрманғазы, Школьная көшелерінің тұрғындары бастаған еді. Ал Ұлыстың ұлы күні Абай көшесінің бойында тұрғындар ақ дастархан жайып, үлкендерге бас тартып, қонақтарға ұлттық тағам түрлерін ұсынды.

IMG-20240323-WA0150

Іс-шара барысында ұлттық ойындар көрініс тауып, білекті ауыл азаматтары арқан тартыс, қой көтеруде мықтылықтарын байқатты.

IMG-20240323-WA0148

- Үш жылдан бері Абай көшесінде тұрамын. Көшеміздің тұрғығындары, жалпы ауыл халқы өте тату. Ауылымызда «Тату көше» акциясын алғашқы болып Достық көшесінің тұрғындары бастап, бәрімізді қонаққа шақырды. Онан кейін Құрманғазы және Школьник көшелерінде мереке аталып өтілді. Енді міне, біздің көшеде дастархан жайылды. Осындай керемет көріністі көретін көз керек. Ауылдастарымыздың көбі ұлттық киім киіп, наурыз жырын шырқап, ұлттық спортта сынға түсіп жатыр. Күні кеше, яғни 15 науырызда Сарайшықта өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға жіті мән берілуі керектігін атап өткен еді. Әз-Наурыздың мәртебесі артып, мазмұны байы түскенін де біз де анық сезіне бастадық, - дейді ауыл тұрғыны  Эльмира Әндирова.

IMG-20240323-WA0147

Гүлжаз Қалесқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале