9.06.2023, 9:45
Оқылды: 63

Бәйтерек ауданы: Облыс әкімі құрылыспен танысып, сапаға мән берді

 

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Бәйтерек ауданында болып, ауылдарда салынып жатқан мектеп құрылыстарының, жол және су құбыры тарту жұмысының жүру барысымен танысып қайтты.

байтерек (2)

Облыс басшысы Жайықтың ауылішілік, Раздольный, Октябрьское ауылдарының кіре беріс жол құрылысының барысын қадағалап, бүгінде жұмыс процесінде аз-кем іркіліс тудырып отырған түйткілдерге зер салды. Мәселен, өткен жылы күрделі жөндеуі басталған Мичурин ауылдық округіне қарасты Октябрьское ауылының кіре беріс жолының күні бүгін асфальт-бетон жабындысын төсеу аяқталған. Кірме жолдың ұзындығы – 9 шақырым.

байтерек (3)

Қазір жол белгілері орнатылуда. Құрылысқа жауапты мердігер компания «Ануш-Құрылыс» ЖШС-ның басшысы Оганнес Миносяннің айтуынша, істің қарқынды жүруіне кедергі - битум тапшылығы. Аудан әкімі Марат Тоқжанов жыл сайын осы мәселемен бетпе-бет келетінін атап өтіп, бүгінгі таңда бұл проблеманың оңтайлы шешімінің жолдарын қарастыруда екенін жеткізді.

байтерек (5)

Өңір басшысы аталмыш ауылдық округтағы Зеленое елді мекеніндегі және Раздольный ауылындағы су құбыры құрылыс барысын бақылап, сапаны басты назарда ұстауды, «Алатау сапа құрылыс» ЖШС өкіліне техникалық қадағалау мен талапты күшейтуді міндеттеді. Аудан әкімі Марат Тоқжанов Зеленое ауылындағы су құбырының іргетасын қайта қарауды жобалаушы маманға жүктеп, гидрологиялық нысан сапаға сай келмейінше қабылданбайтынын нақты айтты.

«Бүгін аяқтап, ертең қайта жөндеуді қажет істегі салғырттыққа жол берілмейді», - деді Марат Лұқпанұлы.

Айта кетелік, бұл жобаның жалпы құны 322,0 млн. теңгені құрайды. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания қазіргі таңда құрылыстың 80 пайызын аяқтай келген. Жоспарға сай нысан өткен жылы ел игілігіне табысталуы тиіс еді. Алайда құрылыс материалдары мен жабдықтарын сатып алу мен жеткізудің жүйелі жүргізілмеуіне байланысты межелі уақытта нысан қолданысқа берілмеді. Тапсырыс беруші тарапынан мердігер ұйымның атына жұмысты жеделдетіп әрі уақтылы тапсыру жөнінде бірнеше рет хабарлама жолданған. Қазіргі таңда бұл нысанды тамыз айында аяқтау көзделіп отыр.

байтерек (4)

Ауданда өткір тұрған мәселе – ескі мектептерді күрделі жөндеу мен жаңа білім ұяларын салу жұмыстары. Осы орайда облыс басшысы Раздольный мектебіндегі күрделі жөндеу және жаңадан тұрғызылып жатқан Макаров ауылдық округына қарасты Садовый мен Жалын ауылдарында білім беру нысандарының құрылыстарымен танысты. Айту керек, алғашқысында мердігер ұйымның жауапсыздығы салдарынан жөндеу жұмыстары тұралап, оқу жылы бойына ауылдық клубта білім алған оқушылар мен ұстаздар да жапа шекті. Ал соңғы екі нысанды тапсырыс беруші ҚПО б.в. компаниясы жаңа мектепті әлеуметтік жобалар аясында тұрғызып жатыр. Бүгінгі күні құрылысқа қажетті материалдар толығымен алынған. Білім ұяларын 1 қыркүйекке дейін табыстау жоспарланған.

байтерек (1)

 

Гүлжаз Қалесқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале