22.03.2024, 22:54
Оқылды: 14

Бәйтерек ауданы: Январцев ауылында Наурыз мейрамы тойланды

Бәйтерек ауданына қарасты Январцев ауылында Наурыз мейрамына орай киіз үй тігіліп, халқымыздың салт-дәстүрі кеңінен насихатталып, ұлттық тағамдар ұсынылды.

IMG-20240322-WA0111

Ауыл әкімі Абылай Жұмағалиев бастаған январцевтықтар Наурыз тойына арнайы келген қонақтарға құрмет көрсетті.
– Наурыз –бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Ауылымызда қазақ, орыс, татар, өзбек, сыған, армян, азербайжан, украин секілді бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. Алдағы уақытта да ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еліміздің тәуелсізідігін баянды ету бағытында еңбек ете берейік ,- деп жиналған жұртшылықты құттықтаған Абылай Есбайұлы округымыздың өркендеп дамуына үлесін қосып жандарды марапаттады. Әсіресе өткен айда, яғни 7 ақпан күні ауа райының күрт өзгеріп, бұрқасындатуы кезінде округтің елді мекендері қар құрсауында қалған еді. Сол кезде қызметкердерін, техникаларын шығарып, ауылішілік және елді мекендерге апаратын жолдарды қардан тазартуға көмек көрсеткен мекеме-кәсіпорны басшыларына осы іс-шарада да ризашылық білдіріліп, оларға аудан әкімінің алғысхаттары табысталды. Марапатқа ие болғандар арасында Январцев орман және жан жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің басшысы Талғат Ілиясов, ⁠”Заман” ЖШС-ның директоры Қайрат Жанғалиев, ⁠”Мұқтай” шекара бөлімшесінің басшысы Бекасыл Әбдіразақ, ⁠”НСС” ЖШС-ның учаске басшысы Руслан Есенғалиев бар.

IMG-20240322-WA0110
Іс-шара барысында ауылымыздың белгілі меценаты Абай Жанғалиев ағамыз сөз алып, ел-жұртты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, еліміздің аман, жұртымыздың тыныш, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болуын тілеп, ауылдағы ағайынның ынтымағы көпке үлгі екенін атап өтті.

IMG-20240322-WA0107
Жалпы Наурызды арқа-жарқа болып қарсы алған январцевтықтар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, ақ тілектерін арнады. Әрі биылғы ерекшелік, Рамазан айымен тұспа тұс келуі де жақсылықты нышаны болса керек. Наурыз мейрамы барысында қариялар батасын берсе, ұлттық спорттық ойындардан ауыл жастары сынға түсті. Жергілікті өнерпаздар әсем әуендер шырқап, би билеп, ауыл тұрғындарына мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айсұлу Қоңырова,

Бәйтерек ауданы
Январцев ауылдық округі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале