7.07.2021, 17:18
Оқылды: 83

Бәйтерек ауданына қарасты ауылдарда жұмыс ширақ

Өткен аптада аудан әкімі жұмыс сапарымен Дариян ауылына барды. Бірінші жартыжылдықта қандай жұмыс атқарылғаны туралы есеп беріп, ауылда қандай іс тындырылғандығы мен алдағы жоба-жоспарлар туралы білмекке келген аудан басшысымен кездесуге округ активі толық жиналды. 1

Аудандағы ірі округтердің бірі саналатын Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкеновтің сөзінше, биыл біраз шаруа тындырылыпты. Әсіресе, ауылға инвестиция тарту жайы көңілден шығады.

- Биыл ауылға жеке инвестиция тарту арқылы автокөлікке газ құю станциясы, кемпинг пен кафе ашылады. Сондай-ақ қоян өсіру фермасы, түсқағаз өндіру және тігін цехтарын ашу жоспарлануда. Бұдан бөлек, округке қарасты Озерный елді мекенінде көкөніс бағы мен жыл бойы жұмыс жасайтын демалыс аймағын құру жұмыстары бар, - деді округ әкімі Т.Кәкенов.

2

Ауылда кәсіпкерлік саласы да жақсы жолға қойылған. Бүгінде округ аумағында 125 жеке кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Сондай-ақ алты адам етті мал шаруашылығын және жарнама агенттігін ашу үшін несие рәсімдепті. Биылдың өзінде Дариянда құрылыс материалдарын сататын дүкен мен мейрамхана ашылған.

Бұдан бөлек, округте ауыл мәдениеті мен спорты да жақсы дамып келеді. Округ өнерпаздары біраз конкурстар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Спортшылар да өз биігінде. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған жұмыстар да жақсы жолға қойылыпты. Ол үшін үш спортзал, шағын футбол, волейбол, баскетбол алаңдары іске қосылған.

3

- Биыл Озерный ауылында спорт алаңын салу жоспарда бар. Сонымен қатар Дариян ауылында спорт кешені бой көтеретін болады. Бұл нысандар бұқаралық спорттың дамуына өз септігін тигізеді деген сенімдеміз, - деді өз сөзінде ауыл әкімі Т.Кәкенов.

Дариян ауылын абаттандыру да жақсы жолға қойылған. Сәуір айынан бері бірнеше сенбілік ұйымдастырған әкімдік қызметкерлері мен тұрғындар 500 тоннаға жуық көң-қоқысты арнайы орынға шығарып, 300-ден астам тал-терек отырғызған.

Актив отырысында аудан әкімі де осы кезге дейін атқарған жұмыстары жайында кеңінен баяндап өтті. Әсіресе, Марат Лұқпанұлы көпті толғандырған табиғи газы жоқ ауылдарды көгілдір отынға қосу, жолы бұзылған елді мекендерге жол салу мәселелерінің қалай шешіліп жатқанына тоқталды.

Аудан басшысы Кирсанов, Алмалы, Кіші Шаған, Поливной, Мирный, Павлов, Горбунов ауылдары биылдан қалмай көгілдір отынға қосылатынын айтты.

- Соңғы кездегі басты мәселелердің бірі – жолдың сапасыздығы. Шекарадағы ауылдарға жету мүмкін емес десек те болады. Биыл Чиров ауылына баратын жол жөнделеді. Одан кейінгі жылдары басқа ауылдарға да сапалы жол жеткізу мәселесі қаралады. Сондай-ақ Январцев, Трекин, Макаров, Белес пен аудан орталығы Переметныйды қосатын және Шалғай ауылына барар жол жөнделеді, - деді аудан әкімі өз сөзінде.

Бүгінде аталмыш жолдарды жөндеу жөнінде тендер ойнатылған, алдағы күндері жұмыстар басталмақшы екен.

Бұдан бөлек, Мичурин ауылына қарасты Октябрь және Жамбыл елді мекендерін қосатын жол құрылысы да басталатынын да аудан басшысы атап өтті.

Сондай-ақ Янайкин және Январцев ауылдарына ауыз су жеткізу жұмысы да басталды. Ал Дариянға келер болсақ, бүгінде ол ауылға ауыз су жеткізу жұмысы шешіле келіпті.

4

Отырыс барысында кей жобаларды іске асыру мерзімі өтіп бара жатқаны да сөз болды. Ол жағдай аудан басшылығын да алаңдатып отырғанын айтқан Марат Лұқпанұлы тендерге қатысып, жеңілген кәсіп иелері жариялаушы мен ұтып алғанды сотқа беріп, жұмысты тежеп жататындығымен түсіндірді.

Жиында Ковид-19 ауруына қарсы екпе алу мәселесі де талқыланды. Бүгінде 887 дарияндық азамат екпе алған.

- Соңғы уақытта екпе алушылар саны артты. Көпшілік оның қажет екенін түсінсе керек. Ай соңына дейін ковидке қарсы егілген азаматтар саны арта түседі деген үміттеміз, - деді ауыл әкімі Тілек Кәкенов өз сөзінде.

Жиыннан соң аудан басшысы ауылда бой көтеріп жатқан екі қабатты екі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Бүгінде бір үйдің екінші қабаты салынып жатса, екінші баспананың іргетасы салынған. Құрылысшылар биылдан қалдырмай үйді тапсырмақ ниетте екенін айтты.

Одан соң «Матевосян» ЖШС-нің күздік бидай алқабына ат басын тіреген Марат Лұқпанұлы егін ору науқанының қалай жүріп жатқанын бағамдады.

IMG_4910 (1)

Көктемде жақсы көтерілген күздік аптап ыстық кесірінен күйіп кеткен. Диқандар көл-көсір астық түсімі болмайтынына налып отыр.

- Өткен жылы бұл шаруашылық жақсы өнім алғанын білеміз. Серіктестік басшысы Александр Матевосянның қайырымдылыққа да көп қаражат бергені елдің есінде. Күннің ыстығы көп өнім алуға мүмкіндік бермегенімен, арпа мен майлы дақылдар және жаздық бидайдан үміт бар, - деді.

Одан соң бақша еккен шаруалардың алқабына барған аудан басшысы көкөніс өсіретін азаматтардың жұмысына оң бағасын берді. Екпе шөп өсіріп, көкөніс алқабын ауыл іргесіндегі пайдаланылмай жатқан орынға көшіру туралы жоспарымен бөліскен жергілікті бағбандар аудан басшысынан жер сұрады.

Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару ісі біріздендірілгенін жеткізген аудан әкімі Дариян ауылы маңында да ондай орындарды тауып, жұмыс жасайтын жігіттерге беру керектігін айтты.

Сондай-ақ аудан басшысы өткен жылы салтанатты түрде ашылған шағын футбол алаңына да барды. Пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған алаң іші шашылған. Жасанды газоны жыртылып, ойнауға мүмкін болмай қалыпты. Бұндай олқылықты аяқсыз қалдыруға мүлдем болмайтынын айтқан Марат Тоқжанов тез арада ойын алаңын жасаған мердігерді тауып, алаңды ретке келтіруді тапсырды.

0

Дариян ауылынан соң Трекинге барған аудан әкімі ол жерде де округ активімен кездесті.

Алдымен ауыл әкімі Мәлік Сейітовтың алты айда атқарған жұмысы туралы баяндамасын тыңдаған аудан басшысы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Жиын барысында округке қарасты Новенький ауылының тұрғындары желді күні ауыл жарықсыз қалатынын айтты. Сондай-ақ қоқыс орындарының жиналмауы да отырыс барысында көтерілді.

- Бүгінде жарық мәселесі тек Трекинда ғана емес, бүкіл облысымызда бар. Оны шешудің жолдары қарастырылуда, - деді аудан басшысы.

Жиыннан соң аудан әкімі ауыл аумағындағы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы нысандарын аралады.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале