4.06.2021, 15:29
Оқылды: 79

Бәйтерек ауданында Рәміздер күніне арналған марафон өтті

Бәйтерек ауданы Дариян ауылдық округінің жастары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Рәміздер күні мерекесіне арналған «Жүгіру марафоны-2021» шарасын ұйымдастырды. Спорттық шара ауылдық округ әкімдігі мен жергілікті «Дарьинская вода» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Сергей Горбуновтың қолдауымен өтті.

 IMG-20210604-WA0081

Дариян ауылынан Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңына дейін жүгіріп өткен спортшылар арасында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, ауыл жастары, округ әкімдігінің аппараты, Приурал полиция бөлімі мен №22 өрт сөндіру бекеті, мәдениет саласының мамандары мен тәуелсіздік құрдастары болды.

IMG-20210604-WA0079

- «Мың өліп, мың тірілген» Қазақ елі жиырмасыншы ғасырдың соңында тарих сахнасында тағы бір жарқ етті. Өз түтінін өзі түтетуге жол ашқан тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы төл рәміздерімізді жариялап, ерекше қуанышқа бөлендік. Рәміздердің тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз әрі Елбасы айтқан «Мәңгілік ел» идеясының жаршысы.

IMG-20210604-WA0059

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», - деп рәміздердің ел өміріндегі маңызын сипаттаған болатын. Біздің санамызға тәуелсіздік идеясын орнықтырып, патриотизмді қалыптастыруда, ұлттық бірлікті нығайтуда ерекше мәнге ие мемлекеттік рәміздеріміздің мерейлі мерекесі құтты болсын! Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін, - деді марафоншыларды құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

IMG-20210604-WA0094

Одан соң Ерікқали Ғұмарұлы шара ұйымдастырушылары мен спортшыларға мақтау қағаздар табыс етті.

- Марафон жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өтті. Осы арқылы біз өскелең ұрпаққа осындай мереке бар екенін және мемлекеттік рәміздер біздің мақтанышымыз екенін көрсеткіміз келді. Болашақта бұл мерекені кең көлемде атап өтуіміз керек екенін де айтқымыз келеді, - дейді Дариян ауылы жастарының жетекшісі Марзия Кунусбаева.

Ұйымдастырушылар мұндай спорттық шараларды дәстүрлі түрде өткізіп отыруды көздейді.

IMG-20210604-WA0082

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале