23.04.2026, 17:00
Оқылды: 12

Бәйтерек ауданында Ұлттық кітап күні ұлықталды

Ұлттық кітап күніне орай Бәйтерек ауданы, Переметный ауылында «Жыл таңдауы – үздік оқырман» атты іс-шара өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен бұл тағылымды кештің басты мақсаты – кітап оқуды насихаттау, оқырман мәдениетін қалыптастыру және ұлттық әдеби мұраны дәріптеу болды. 

image-23-04-26-02-13-3

Кеш шымылдығын ашқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәулеткерей Құсайнов Ұлттық кітап күнінің маңыздылығына тоқталып, кітап – адамзаттың рухани байлығы мен білімнің қайнар көзі екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол бүгінгі қоғамда кітап оқудың рөлі ерекше екенін, жас ұрпақты кітапқа баулу – ортақ міндет екенін жеткізді.

«Кітап оқитын ұрпақ – саналы, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ. Сондықтан мұндай шаралар арқылы оқырман мәдениетін қалыптастыру – уақыт талабы. Кітапханаларымыз бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осы сәтті пайдаланып, кітап оқуды насихаттауға белсенді үлес қосып жүрген оқырмандарымызға алғыс білдіремін», - деді Дәулеткерей Құсайнов.

image-23-04-26-02-13-4

Содан соң кітап апталығы аясында өткізілген іс-шаралардың қорытындысы шығарылып, оқырмандардың белсенділігі ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, кітап көрмелері, әдеби талқылаулар, поэзия кештері, зияткерлік сайыстар мен мазмұнды кездесулер ұйымдастырылып, көпшілік тарапынан қолдау тапты.

Кештің ең әсерлі бөлігі – үздік оқырмандарды марапаттау рәсімі болды. Жыл бойы кітапхана жұмысымен тығыз байланыста болып, белсенділік танытқандар марапатталды.

Мерекелік кеш барысында мәдениет саласының өкілдері мен қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, кітаптың қоғамдағы орны мен маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар әсерлі әндер шырқалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.

 

                                                                                               Гүлім Мақсотқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале