5.05.2021, 10:03
Оқылды: 98

Бәйтерек ауданындағы сенбілік халықтық сипат алды

Өткен ай ортасында жарияланған тазалық айлығы ауданның округтері мен елді мекендерде қарқынды жүрді. Сенбіліктер барысында қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, өлексе көметін арнайы орындар, су жүретін арықтарды тазалау, ағаш егу, гүл отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды.

IMG-20210428-WA0060

Чеботарев

Аудан қиырындағы Чеботарев ауылының тұрғындары «Чеботарев – Рубежка» автожолының бойынан 2 тоннадан астам қоқыс жинап, көзін жойды. Сондай-ақ ауыл азматтары елді мекен ішіне көшеттер отырғызып,  көшелерді құрғақ ағаштар мен қоқыстан тазартты.

Раздольный

Раздольный тұрғындары да тазалық жұмыстарынан шет қалмады. Ауылдағы «Достық», «Владимировское» шаруа қожалығы елді мекен көшелерін қалдықтан тазалағандарға өз техникаларын беріп, қоқысты арнайы орынға шығаруға қолғабыс етті. Округ әкімі Жалғас Жиенғалиев алдағы уақытта ауыл орталығындағы саябаққа 100 түп ағаш екпек ойы барын айтты.

IMG-20210428-WA0062

Январцев

«Ауылына қарап азаматын таны» дейтін қағиданы берік ұстанатын Январцев тұрғындары да ауылдарының таза болғанын қалайды. Сол себепті сенбіліктерге белсенді қатысып тұрады.

Тазалық айлығы басталғалы ауылдастар көшелер мен саябақты, арықтар мен жол жиектерін тазалап, барлық теректердің түптерін әктеген.

Енді алаңқайларды сырлап, жаңарту жұмыстарына кіріспек ойда жүр. Тұрғындар жалпы 6 тоннадан астам тұрмыстық қалдықты шығарып үлгеріпті. Ал ауыл азаматтарының игі ісіне техника, жанар-жағар майжағынан жеке кәсіпкерлер көмек көрсеткен екен. Бұл ақпаратты округтің бас маманы Манас Жұмиев берді.

Сұлукөл

Сұлукөл ауылының клуб қызметкерлері мен жастары ауыл ішінде жиналған 5 тоннадан астам күл-қоқысты елді мекен сыртына шығарған. Одан бөлек 5 түп алқоры, 2 түп қарағай, 7 түп канадалық емен ағашы отырғызылыпты.

Осы айлық барысында сұлукөлдік тұрғындар ауыл маңындағы 1970 жылдары салынған екі бөгетті бекітіп, су тоқтату жұмысын ойдағыдай атқарды. Оған МТЗ-82, Т-40 тракторлары тартылған.

Округке жаңа тағайындалған әкім Жасұлан Қойшыбаев ауыл тазалығы әрдайым қадағалауында болатынын айтады. Ең бастысы, тұрғындар суды сақтап қалғанына қуанышты.

IMG-20210428-WA0049

Чиров

Чиров тұрғындары сенбілікті ауылдың кіреберісінен бастады. Тұрғындар мен клуб, кітапхана қызметкерлері, әкімдік мамандары елді мекен ішінен 3 тонна қоқыс шығарды. Оны МТЗ-82 тракторының күшімен арнайы орынға төкті.

Сондай-ақ 60 түп тал отырғызған. Округ әкімі Николай Штык сенбілік әлі де жалғасатынын айтады.

Краснов

Краснов ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаевтың айтуынша, ауыл ішін, тоғандардың айналасын тазалау жұмыстары наурыз айының аяғынан басталған. Туған жерінің тазалығына және абаттандыру жұмыстарына ауыл меценаты, Бәйтерек ауданының құрметті азаматы, «АсанАул» ЖШС-нің басшысы Бейбіт Асанов демеушілік танытып отырады екен.

Бейбіт Батниязұлы берген техниканың күшімен ауылдағы қураған ағаштарды кесіп, шығару жұмыстарынан басталған сенбілікке спорт кешені, мектеп ұжымы, фельдшерлік-амбулаториялық пункт қызметкерлері мен ауылдық әкімшілік мамандары қатысқан. Тұрғындар 5 тонна қураған ағашты кесіп, көше бойлай өскен терек түптері әктеген. Ауыл шетіндегі христиан зираттарының айналасын тазалап, тал отырғызған.

Меценат Бейбіт Асанов өз қаражатына алынған 350000 уақ балықты Погодаев, Котельников ауылдарындағы тоғандарға жіберіпті.

Ауыл көшелеріндегі жолдар тегістеліп, кәсіпкердің демеушілігімен 30 түп жеміс ағашы отырғызылған. Мектеп ұжымы 50 түп тал егіпті. Бұдан бөлек Бейбіт Батниязұлы күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды ауылдан аластатылуына 4 трактор және 2 камаз автокөлігін бөлген. 

Макаров

Қоғамдық іске қолда бар техниканы жұмылдырып, екі рет сенбілік өткізген Макаров ауылының әкімдігі тұрғындар көмегімен 185 тонна күл-қоқыс пен мал қиын далаға шығарған.

Ауыл игілігі үшін деп «Август» шаруа қожалығы 300 түп терек сыйлаған. Ағаш егу дәстүрі жанданып келе жатқандай. Ауыл мектебінің  ұжымы қарағай және 17 түп абрикос отырғызса, ауылдық әкімшілік аппараты 15 түп әр түрлі сортты алма ағашын егіпті. Округке қарасты Жалын, Садовая елді мекендерінде де сенбіліктер өтуде. Ол ауылдарындағы бастауыш сынып мұғалімдері таңқурай және басқа да тал-теректер отырғызған.

Сонымен қатар Мирная ауылының шетіндегі Ведрух экологиялық мекенінде жыл сайын 10 түптен түрлі сұрыпты ағаштар отырғызылады.

Сенбілік барысында 2 Камаз, тіркемесі бар «Нива» көлігі мен ЗИЛ  жұмылдырылып, ауыл іші қоқыстан тазартылған. Ауыл әкімі Еркін Әбілкәкімов тұрғындар сенбіліктер мен ағаш егу шараларына белсенді қатысқандығын айтады.

IMG-20210428-WA0052

Мичурин

Тазалық айлығы аясында ауыл ішіндегі көшелер тазартылып, 80 тонна күл-қоқыс шығарылған.

«Орал таза сервис» ЖШС-нің арқасында контейнерлерде жиналған қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтардың көзі жойылған.

Ұйымшылдықпен өткен үш сенбілік барысында147 тал мен жеміс ағаштары отырғызылғанын айтады округ әкімі Максим Мусалимов.

Сонымен қатар ауыл әкімі Максим Мусалимов ауыл тұрғындарын жұмылдырып, «Бұл менің қоқысым емес, бірақ бұл – менің ауылым» атты экологиялық акция ұйымдастырып, біраз қоқысты ауылдан аластатты.

Рубежка 

Рубежка халқының жер кебісімен ауыл ішінде жиналып қалған қоқыстарды жинауға кірісетін әдеті бар. Биыл да ағайын игі дәстүрді жалғастырды. Сенбілікке ауылдағы барлық ұжым қызметкерлері де атсалысты. Нәтижесінде12 тонна қоқыс ауыл маңынан аластатылды.

Ауыл әкімі Асылбек Кенжин Рубежка ауылының тазалығы бақылауда болатынын айтады.

Егіндібұлақ 

Егіндібұлақ ауылының тұрғындары «Таза табиғат» және «Өзіңнен баста» экологиялық жобалары аясында «Бұл – менің ағашым» атты акция ұйымдастырды. Ел тәуелсіздігіне арналған шарада Егіндібұлақ мектебі жанындағы баққа оқушылар 30 алма ағашы көшетін отырғызды.

Енді мектеп ұжымы мен оқушылар білім ордасы жанындағы бақты күтіп баптап, ауылдың көрнекі жеріне айналдырмақшы.

Сонымен қатар ауыл әкімдігі мүмкіндігі шектеулі зейнеткер Наталья Кирилинаның тұрғын үйін жинастырды.

Сырқаттанып қалған Наталья Кирилина бір жыл бойы ауруханада болған. Содан бері қараусыз қалған үйінің ішін сүмелек басып, ауласына арам шөп қаптап кетіпті. Осылайша Егіндібұлақ тұрғындары тазалық айлығын сауапты іспен жалғады.

Кейуана ауруханадан шығып келгенде үйі суып, ол жерде ауру түгілі сау адам өмір сүру қиын болған. Ауылдасының қиын жағдайы туралы естіген округ әкімі Ринат Ескендіров әкімдік және кітапхана ұжымын сенбілікке жұмылдырып, Наталья әжейдің үйін ретке келтірген. Әйелдер жағы үй ішін тазаласа, ер адамдар ауласын реттеп, отын жарған.

Железнов 

Жоғарыда айтылғандай, тазалық айлығынан ешбір округ шет қалып жатқан жоқ. Железнов ауылдық округінің тұрғындары 150 түп көшет отырғызып, ауылды аббаттандыруға үлесін қосты.

Округке қарасты Новенький ауылында да ағаш отырғызу шарасы өткізілді. Әсіресе ауыл жастары мен мектеп оқушылары сенбіліктерге белсенді қатысқан.

Зеленый

Зеленыйлықтар да ауыл тазалығына немқұрайлы қарамайды. Жергілікті тұрғындар бір адамдай бірігіп, туған жерінің таза болуына атсалысты. Көше бойына жиналған қоқыстар тазартылып, қоқыр ауылдан аластатылды.

Шалғай 

Игі іске шалғайлық ағайын қашан да бір адамдай жұмылады. Ауылды абаттандыру туралы ұсынысты округ тұрғындары қуана қабылдады. Сенбілікке ұстаздар да, әкімдік қызметкерлері мен дәрігерлер де, ауыл жастары мен тұрғындар да, жеке кәсіпкерлер де қатысты.

Ауыл ішіне жиналған үш тонна қоқыс шығарылып, долана, қарағай, қарақат көшеттері отырғызылды.

Көшім

Көшім тұрғындары сенбілікті Үлкен Шаған ауылының қоқыс полигонын тазартудан бастаған. Адам қолымен жинауға келмейтін орынды реттеуге белгілі кәсіпкер, «Асфа» ЖШС-нің басшысы Иван Енютин қолғабыс еткен. Сондай-ақ ауыл әкімдігі мен тұрғындар, ауылдық клуб, мектеп, кітапхана және орман шаруашылығы қызметкерлері бірлесіп, жол бойындағы орман белдеуін тазалаған. Округ әкімі ауылға қарасты Өркен ауылынабарып, саябақтағы ағаштарды әктеген. Сонымен қатар жергілікті депутат, белгілі кәсіпкер Есен Сүндетовтың демеушілігімен ауылға алма ағаштарын отырғызған.

Янайкин

Ауған Ғарифоллаұлы басқаратын Янайкин ауылының тұрғындары туған жерін қалай таза ұстау керектігін біледі. Округ тұрғындары сенбілікке жұмылып, ауылдың ішін толықтай тазалап шықты.

Мамыр мерекелерінде де жергілікті тұрғындар ауызбіршілік танытып, жаңа саябақтың іргетасын қалады. Ауылда тұратын барлық ұлт өкілдері сенбілікке өз ұлттық киімдерімен шығып, ағаш егуге атсалысты. Қай істі де бірлікпен атқаратын янайкиндік ағайын сенбілікті де мереке етті.

Тазалық айлығы осымен бітпесі анық. Әрқашанда игі істі осындай ауызбіршілікпен атқара берелік.

                     

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале