10.02.2021, 20:46
Оқылды: 52

Бәйтерек ауданының дамуына жергілікті меценаттардың қосқан үлесі зор

Наурыз айынан бастап елдегі жағдайға байланысты барлық мәдениет ошақтары жаңа форматтағы жұмыс тәртібіне көшкені белгілі. Соған қарамастан аудан өнерпаздары Faсebook, Instagram әлеуметтік желілері арқылы халыққа қызықты концерттерін ұсына алды.

Жылдың басты атаулы даталары Ұлы ұстаз Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай 50-ге жуық шара ұйымдастырылып, ғылыми-танымдық пікір алмасулар оздырылды.

Ұлы ақынның мерейтойы аясында «Шың» жастар театры ақын-драматург Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» реквиемінен үзінді сахналады. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында аудандық мәдениет үйінің бас режиссері Әліби Жанабіловтің «Қанмен жазылған хат» фильм-концерті облыс халқының ықыласына бөленді. Әр апта сайын аудан өнерпаздары тікелей эфирден «Бәйтерек әуен LIVE» онлайн концертін ұсынып отырды.

Кәсіпкерлердің көмегі көп

2020 жылы ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстар «Туған жер», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Ауыл – ел бесігі» бағыттары бойынша жүргізілген.

IMG_20201127_224843_031-e1606572144785

«Асан-Ауыл» ЖШС директоры Бейбіт Асанов Краснов ауылдық округінен мәдени-спорт кешенін салып берді. Пандемияның халық денсаулығына қаупін төмендету мақсатында аудандық ауруханаға оттегі магистралін орнату, монтаждау, іске қосу жұмысына аудан кәсіпкерлері демеушілік жасаған. «Айдос» шаруа қожалығы өз қаражатына Чапурин елді мекеніне табиғи газ құбырын жеткізген. «Алтын болашақ» шаруа қожалығының басшысы Еркін Насыров Махамбет ауылындағы балабақша ғимаратын жөндеп, жабдықтау жұмысына атсалысқан.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай "ДулАн" ЖШС директоры Қанат Нәжіметдинов Көшім ауылында жерлес майдангерлер құрметіне ескерткіш тақта орнатты. Янайкин ауылында "Домбыра" және «Қобыз» композициялары орнатылды.

Жалпы «Рухани жаңғыру» жобаларына жергілікті меценаттар барлығы - 226,7 млн теңге қаражат салған.

- 2020 жылы аудан тарихын зерделеу мақсатында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Археологтар табылған адам сүйектерінің, сол заманда қолданылған қару-жарақтардың және жерлеу рәсімдерінің орындалуы бойынша біздің заманымызға дейінгі қола, темір, ерте темір дәуіріне тиесілі екендігін айтуда. Археологиялық жұмыстар әлі де зерделеуді қажет етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, - деді аудан әкімі.

Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале