28.08.2020, 15:11
Оқылды: 79

 Бәйтеректе Ата заңды ұлықтаған жиын өтті

Бәйтерек ауданы орталығындағы «Бейбітшілік және келісім» саябағында Конституция күніне арналған салтанатты жиын өтті. Ата Заңымыз ұлықталған шараға аудан әкімі Марат Тоқжанов, мемлекеттік қызметшілер мен аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау саласының қызметкерлері мен ауданның құрметті азаматтары қатысты.

const (4)

– Әр мемлекеттің өзіндік классикалық анықтамасы болады. Ел болу үшін оның аумағы бекітілген жері, мәдениеті мен тілі, экономикасы және Ата заңы болуы керек. Міне, осы анықтамалардың негізін қалаушы құжат – Конституциямыз. Қазақ қазақ болған ықылым заманнан бері елімізде Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке бабамыздың «Жеті жарғысы» сияқты заңдар жиынтығы болды. Сөзге тоқтаған қазақ сондағы жазылған заңмен өмір сүрді және оған мойынсұнды. Міне, сол заңдар жиынтығы Конституциямыздың негізі болды. Өйткені ескі низамдардың барлығының басты міндеті қазақ елі азаматтары мен азаматшаларының құқығын қорғау болған еді. Осыдан 25 жыл бұрын халықтық референдумда қабылданған Конституциямыз да заң үстемдігінің, адамның құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асуын қамтамасыз ете отырып, жаңа замандағы қазақстандық мемлекеттің іргесін қалады. Қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың қағидаттарын нығайта отырып, Тәуелсіз еліміздің тиімді дамуын қамтамасыз етті.

const (5)

Ынтымағы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.

Отанымыз – Қазақстан Республикасы нығайып, дами берсін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын.

Баршаңыздың отбасыларыңызға игілік пен бақ-береке тілеймін, – деді өз құттықтауында аудан басшысы Марат Тоқжанов.

Кейін Марат Лұқпанұлы ауданның дамуы мен өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан бір топ азаматтар мен азаматшаларды марапаттады.

const (3)

Алдымен аудан мәслихатының аппарат басшысы Геннадий Терехов, Январцев ауылдық округінің әкімі Абылай Жұмағалиев, Чиров ауылдық округінің әкімі Николай Штык, Трекин ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Ару Әлпейісова, «Еркемай» бөбекжайының меңгерушісі Татьяна Савченко, «Киргенев» шаруа қожалығының басшысы Қайыржан Киргенев, аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Сәбит Қайдашев ҚР Президентінің 2020 жылдың 20 тамызындағы Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Одан соң «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Мәлік Өтешев, Чиров мектебінің директоры Людмила Романюк пен Январцев мектебінің математика және физика пәндерінің мұғалімі Татьяна Чаботарева «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік белгісімен наградталды.

Сонымен қатар ауданның қоғамдық-саяси, мәдени өмірінде абырой-беделге ие бір топ ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен сала мамандары аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен және алғысхаттарымен марапатталды.

Салтанатты жиын соңы шағын мерекелік концертке ұласты.

 Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале