27.08.2021, 14:39
Оқылды: 75

Бәйтеректе білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті

Бәйтеректе білім саласы қызметкерлерінің жыл сайынғы дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Аудан басшысы Марат Тоқжанов қатысқан кеңесте педагогтердің атқарған істерін таразылап, алдағы міндеттерін айқындады. «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбындағы кеңеске білім беру ұйымдарының басшылары, оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагогтар қатысты. Эпидахуалға байланысты онлайн форматта оздырылған жиын ZOOM платформасы, ютуб хостингі және фейсбук парақшаларында тікелей көрсетілді.

IMG_6997

Жиынды ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының алға қойған міндеттерінің бірі – білім беру ұйымдарын цифрлық инфрақұрылымын дамытып, қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жарықтандыру, білім беруді басқару және қаржыландыру жүйесінің вертикалін енгізу болып табылатынын ерекше атап өтті.

01

Сондай-ақ аудан басшысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Дариян ауылындағы орыс мектебі күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілгенін де айтты.

Одан бөлек Жамбыл ауылында жаңа мектеп ғимаратын тұрғызу жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен Марат Лұқпанұлы Достық, Щапов, Володар және Трекин ауылдарында да жаңа мектеп салу мәселелері шешіліп жатқанын да жеткізді.

Аудан басшысы өз сөзінде Өркен, Жалын, Пригород және Жайық  елді мекендерінде модульдік мектеп тұрғызу жұмыстары жүргізіліп жатқанын және Рубежка, Раздольный, Белес, Егіндібұлақ, Чувашка, Январцев мектептері ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын да айтты.

03

Қазіргідей қиын шақта ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын ерекше сөз еткен аудан әкімі зияткер ұрпақ тәрбиелеу басты стратегиялық міндетіміз екеніне баса назар аударды.

- Зияткерлік бәсеке орныққан қазіргі кезеңде балаларымыз білімін күнделікті жетілдіруі тиіс. Осы міндет ұстаздарға жүктелді. Ел болашағы саналатын жас ұрпақты жан-жақты дамыту – алдымызға қойылған басты міндеттердің бірегейі. Сондықтан педагогтарға жүктелген іс, қойылған талап әлдеқайда зор. Құрметті ұстаздар, Сіздерден жемісті нәтижеге бағытталған кәсіби шешімдерді, шығармашылық белсенділікті, тың ізденістерді күтеміз.  Баршаңызға зор денсаулық, кәсіби жетістіктер мен заңғар табыстар тілеймін.  Келе жатқан білім күні құтты болсын! - деді аудан әкімі Марат Тоқжанов баяндамасында.

02

Одан соң Марат Лұқпанұлы Дарияндағы Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақтілек Нұритденоваға, Қ.Қайсенов атындағы мектептің математика пәнінің мұғалімі Айгүл Убаеваға, Январцев мектебінің химия пәнінің мұғалімі Мәншүк Сариеваға, «Жұлдыз-ай» бөбекжайының әдіскері Ирина Тихонова мен Белес мектебінің басшысы, география пәнінің мұғалімі Азамат Маемерге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын, Дариян балалар музыка мектебінің мұғалімі Меңсұлу Жұмағазиеваға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің алғыс хатын табыс етті.

Одан соң аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин сөз алып, биыл аудан оқушылары дәстүрлі оқу форматына көшетінін айтты.

Білім беру бөлімінің басшысы алдағы оқу жылында  педагогтар қауымын ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа оқу жылын 59 білім мекемесі бастайды. Олардың 46-сы күндізгі мектеп болса, біреуі – кешкі, сегізі – мектепке дейінгі және төртеуі қосымша білім беру ұйымы екен. Биыл бірінші сыныпқа 1013 оқушы қабылданған.

- Жаппай оқу қорынан санаттағы 1374 оқушыға 8 миллионнан астам қаржы бөлініп, көпбалалы, азқамтылғанотбасы, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға кеңсе тауарлары мен спорттық киімдер алынды, - деді өз сөзінде білім бөлімінің басшысы Серік Нәженұлы.

Бұдан бөлек, білім бөлімінің басшысы былтырғы оқу жылын аудан бойынша 470 түлек аяқтағанын, олардың 346-сы ҰБТ-ға қатысып, нәтижесінде 167 түлек мемлекеттік грант иегері атанғанын, 29 түлек ТМД елдерінің жоғары оқу орындарының грантына ие болғанын және облыс әкімінің грантын төрт түлек иеленгенін де атап өтті. Сондай-ақ он оқушы шетелге оқуға түскен. Серік Сафиуллинің айтуынша, 44 «Алтын белгі» иегерінің 40-ы грант иегері атанған.

- Білім саласы жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Жаңа көзқарас пен жаңашылдықты талап ететін кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаһандану заманында ұлттың бәсекеге қабілетті болуы білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан аудан ұстаздары өзіне жүктелген зор жауапкершілікті абыроймен атқарып, мәңгілік елдің ұландарын тәрбилеуде еселі еңбек етеді деп сенемін, - деді өз сөзінде білім бөлімінің басшысы.

Одан соң «Мектепке дейінгі жастағы балаларды «Bilimkids» платформасы арқылы тәрбиелеу мен оқыту» туралы «Жұлдыз-ай»бөбекжайының әдіскері Рауана Асанова баяндаса, «Жазғы мектеп жұмысының ұйымдастырылуы мен тиімділігі» жайында Қасым Аманжолов атындағы мектеп директоры Роза Тасанова айтып берді.

Тамыз кеңесінде «Пандемия шектеулері кезінде білім беру саласындағы цифрлық ресурстардың қолданылуы» жайы да сөз болды. Ол туралы аудандық білім бөлімінің әдіскері Қанат Тәпішев толық түсінік берді.

Жиын соңында өздерін жақсы қырынан танытқан бір топ ұстаз аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының және аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталса, Қ.Қайсенов атындағы мектеп басшысы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Жиналиева мен Новенький мектебінің математика пәнінің мұғалімі Балмира Туманова облыстық білім басқармасының «Құрмет тақтасына» лайықты деп танылды.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале