15.06.2022, 19:07
Оқылды: 41

Бәйтеректе кіре беріс жолдарды жөндеу мәселесі шешім таба келді

Соңғы жылдары Бәйтерек ауданында жол құрылысы қарқынды жүруде. Көптеген ауылдық округтердің кіре беріс жолдары жөнделіп, кейбіреулерінде ауылішілік жолдар жаңаруда. Аудан әкімі Марат Тоқжанов жолдары жөндеуден өтіп жатқан алты ауылдық округке арнайы барып, жол-құрылыс жұмыстарымен танысып қайтты.

IMG-20220615-WA0080

Трекин ауылдық округінде екі жол жаңалануда. Яғни Жайықта ұзындығы 7,6 шақырым болатын ауылішілік жолға күрделі жөндеу жұмыстары енді басталып жатса, Трекинде 2 шақырымдық кіре беріс жолдың құрылысы аяқтала келді. Мердігер компания «ДСК Приоритет» ЖШС-ның басшысы Жанна Кенжинаның айтуынша, Жайық ауылының көшелерін жөндеу жұмыстары 26 мамырда басталған, материалдар бар, техника, жұмыс қолы жеткілікті.

IMG-20220615-WA0075

Ал былтырдан бастап Трекинге кіре беріс жолдың құрылысын жүргізген «Ануш-Құрылыс» компаниясының жұмысына ескертпе жасалды. «Жол тегіс емес, көлік сілкініп жүреді. Асфальтпен емес, төмпешіктермен келе жатқандай сезімде боласың. Яғни жол дұрыс салынбаған. Сондай-ақ асфальтқа шығатын жол қиылыстары тапталмаған. Тез арада осындай олқылықтарды жойыңыздар», - деді Марат Лұқпанұлы.

Айта кетейік, аталмыш компания Достық ауылының Чувашин, Мичурин ауылдық округіне қарасты Октябрьское ауылдарына да кіре беріс жолдарды орташа жөндеуден өткізуде.

«Біз былтырдан бері Бәйтерек ауданындағы 6 ауылдың жолдарын жөндеуден өткізудеміз, - деді бізбен әңгімесінде «Ануш-Құрылыс» ЖШС-ның директоры Оганнес Минасян.

- Атамекен ауылының жолын қолданысқа бердік. Жаңа аудан әкімі айтқан ескертпеге сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіп, олқылықты жойған соң, Трекиннің жолын да тапсырамыз. Ал Чувашиндағы 8,6 шақырымдық жолдың жартысы асфальт төселді. Қалғандарына қатқыл табанды жол салу жұмыстары жүруде. Материалдар толықтай жеткізілді. 29 адам жұмыспен қамтылды. Оның 7-уі жергілікті тұрғындар. Январцевта 8,3 шақырым жол, 4,7 шақырым тротуар салу және жарықтандыру бағытындағы жұмыстарды атқарудамыз. Жұмысқа тартылған 40 шақты адамның жартысы жергілікті тұрғындар. Қазір 2,5 шақырымдай жарықтандыру жұмыстарын толықтай аяқтадық. Жолды жөндеуді жартылай бітірдік. Жоспар бойынша келесі айдың ортасында бұл нысанды тапсырамыз деп ойламын».

Чиров ауылының тұсынан қарсы алған ауыл әкімі Николай Штык трассадан ауылға дейінгі 27 шақырым жолдың 13,9 шақырымы күрделі жөндеуден өткеніне ауыл тұрғындары риза екендерін жеткізді. Бұрын жол нашар кезде жеңіл көлікпен бір сағатқа жуық уақыт жүрсе, қазір ол екі есеге жуық қысқарған. Бұйыртса келер жылы жолдың қалған бөлігі күрделі жөндеуден өткен соң тұрмыс сапасы жақсара түсері анық.

IMG-20220615-WA0078

- Бұл жол сапалы жөнделгені, теп-тегіс екені бірден байқалады. Мана Трекингі жолда сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүргенде селкілдеп отырған едік, ал мына жолда сағатына 100 шақырыммен жүріп көрдік, ештеңе сезілмейді. Міне, сапа деген осы. Ақпарат үшін айта кетейік, аудан көлеміндегі арақашықтығы үлкен кіре беріс жолдардың бәрі жөнделіп біте келді. Енді екі-үш ауылдағы осындай жолдар қалып тұр. Переметный жақтағы ауылдардың көбі республикалық маңызы бар жолдардың бойында орналасқаны аудан үшін тиімді болып тұр. Ертең ол жол жөнделгенде ауылға кіре беріс жолдар жаңарып қалатыны белгілі. Осылайша кіре беріс жолдарды жөндеу мәселесі шешім таба келді. Содан кейін ауылішілік жолдарды жөндеу басталады, - деген Марат Лұқпанұлы ауыл әкімдеріне жаңарған жолдармен ірі көлемдегі жүк көліктерінің жүрмеуін қадағалауды тапсырды.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы, 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале