27.08.2020, 12:09
Оқылды: 98

Бәйтеректе Конституция күніне арналған дөңгелек үстел өтті

Бәйтерек ауданы орталығындағы жаңадан ашылған мәдени-ағарту және тынығу орталығында Ата Заңымыздың 25 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, Переметный ауылдық округінің әкімі Бекзат Бадақов және ауыл тұрғындары қатысты.

Dongelek ustel (1)

– Ата Заң – ел азаматтарының бостандығы мен құқығын қамтамасыз ететін басты құжат. Конституция саяси, құқықтық, мәдени, экономикалық салалардың даму бағытын айқындайтынын білеміз. Басты заңымыздың өміршеңдігі жасампаз әлеуетінің толыққанды жүзеге асуына байланысты. Сондықтан сіз бен біз күш-жігерімізді Конституциямыздың жоғары заң күшіне ие болуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Ерікқали Ғұмарұлы өз сөзінде.

Dongelek ustel (2)

Жиын барысында жиналғандар елдігіміздің айғағы, тәуелсіздігіміздің тірегі саналатын Ата Заңымыздың пәрменділігі мен оның маңыздылығы жайында тереңнен ой қозғап, Конституциямыз елімізде тұрып жатқан барлық халық өкілдерінің бірілігі мен ындымағының негізі екенін айтты.

Дөңгелек үстел барысында аудан әкімінің орынбасары көп жылдар бойы кітапханашы қызметін атқарып келген Көшім ауылдық кітапханасының меңгерушісі Жұмағыз Кенжеғұловаға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың алғысхатын табыстаса, Белес ауылдық кітапханасының оқырманы, белсенді жас Назерке Өтеғалиеваны облыс әкімі Ғали Есқалиевтің алғысхатымен, сондай-ақ Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясын оқушы отбасылар арасындағы сайысқа белсенді қатысқаны үшін Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Шолпан Оразаеваның алғысхатымен марапаттады.

Dongelek ustel (3)

Бұдан бөлек Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Звайда Өтешеваның алғысхаты мен бағалы сыйлығы табылса, Абай һәкімнің 175 жылдығына арналған шараларға белсенді қатысқан кітапхананың тұрақты оқырманы Мейрамбек Сақыпқалиевке де құрмет көрсетілді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале