21.05.2021, 14:09
Оқылды: 85

Бәйтеректе мәдениет саласының қызметкерлері марапатталды

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Бәйтерек аудандық мәдениет үйінде «Өнер – өмір өрнегі» атты салтанатты шара өтті.

 IMG-20210521-WA0063

Сала мамандары қатысқан жиынға аудан әкімі Марат Тоқжанов қатысты.

- Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады. Еуразияның ең бай да бірегей мәдениеті ол қазақ мәдениеті» деген болатын. Ал халық даналығы «Өнер – ұлттың жаны», - дейді. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Ұлттық мәдениеттің бір бөлігі, көпұлттық қазақ еліне тән өнер біздің елде де өз бағасын алуда.

IMG-20210521-WA0060

Ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлері елдігімізді, ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқаруда. Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Сондықтан бүгінгі ерекше мереке күні мәдениет пен өнер саласына еңбек етіп жүрген қызметкерлерге шексіз алғыс білдіремін.

IMG-20210521-WA0058

Айтулы күні мәдениет саласы қызметкерлерінің шығармашылық жолына толағай табыс, еңбектеріне жеміс, отбасыларына бақ-береке тілеймін. Әрдайым абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем, өнердегі жұлдыздарыңыз жарық болсын! - деді өз құттықтауында аудан басшысы М.Тоқжанов.

Одан соң Марат Лұқпанұлы аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Сергей Саяпин мен мәдениет үйінің концертмейстері, халықтық «Шежіре» фальклорлық ансамблінің жетекшісі Аслан Ғизатовты «Мәдениет майталманы» төсбелгісімен, мәдени-демалыс орталығы әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Амангүл Намазова мен Достық ауылдық клубының жетекшісі Жумазия Исмагулова және Январцев ауылдық клубының меңгерушісі Галина Кораблеваны «Өнер саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

IMG-20210521-WA0061

Сондай-ақ салтанатты шара барысында Батыс Қазақстан облысы әкімі орынбасарының алғыс хаты орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Жаңабаева мен Мичурин ауылдық клубының меңгерушісі Толқын Исмагуловаға табысталды.

IMG-20210521-WA0062

Бұдан бөлек ұзақ жылдар бойы аудан мәдениеті мен өнерін дамытуға өз үлестерін қосып жүрген бір топ сала мамандары БҚО мәдениет басқармасы басшысының және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале