30.09.2020, 10:15
Оқылды: 83

Бәйтеректе «Мұра» дәстүрлі әнші-термешілер клубында кездесу өтті

Мемлекет басшысы жариялаған Еріктілер жылының «Birgemiz: Asyl mura» бағытын іске асыру мақсатында ашылған «Мұра» дәстүрлі әнші-термешілер клубында ҚР мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов пен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Күләш Қуанышқалиевамен кездесу кеші өтті.

 IMG_9927

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған «Ұлттық өнер – ұлт байлығы» атты кездесуге ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, аудан өнерпаздары мен дәстүрлі ән өнеріне қызығушы жастар қатысты.

IMG_9941 (1)

 

- Осы жыл басында ашылған «Мұра» клубы біраз шараларды өткізіп, дәстүрлі өнеріміздің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Облыстық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония әншілерінің келуі біздің аудан үшін мәртебе. Сіздердің өнер жолыңыз өмірін әнге арнаған балғындарымызға үлгі,-деді шара басында Н.Дүзбатыр.

Еркін әңгіме форматында ұйымдастырылған кездесу барысында қонақтарға көпшілікті қызықтырған сұрақтар қойылды. Өздерінің өнер жолы, алғашқы ұстаздары жайында кеңінен әңгіме өрбіткен қонақтар батыс ән мектебінің інжу-маржандарынан шашу шашып, ән мен жырға шөлдеген көрерменнің айызын қандырды.

-Бір кездері домбыра үні шықпайтын ауданда дәстүрлі әншілер мен термешілерге арналған осынау клубтың ашылғандығы – жақсылықтың белгісі. Біраз жыл Атырау өңірінде қызмет жасап, елге келгенімде Бәйтерек ауданы алғаш болып шақырды. Өнерсүйер ағайынмен кездесіп, қазақтың қара домбырасын асынған балғындардың өсіп келе жатқанын көріп қуанып отырмын,-деді кездесу барысында Қ.Кәкімов.

Әріптес сөзін жалғаған Күләш әнші де ағынан жарылып, кеш ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірді.

Шара барысында әншілер жас өнерпаздарға шеберлік сағаттарын өткізіп, білгендерін үйретті.

Кездесу соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Р.Ихласов қонақтарға ризашылығын білдіріп, ықылас гүлін сыйға тартты.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале