10.05.2026, 15:01
Оқылды: 2

Бәйтеректе пікірсайыс алаңында кездесу өтті

Переметный ауылдық округі әкімінің сайлауы қарсаңында кандидаттар ашық пікірсайыс алаңында кездесті. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң аясында ұйымдастырылған іс-шара барысында үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

image-09-05-26-11-10-1

Айта кетейік, сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібімен үш кандидат тіркелген. Пікірсайыс басталмас бұрын модератор үміткерлердің өмірбаяны мен тәжірибесіне тоқталып өтті. Мәслен, переметныйлық Данияр Көшібаев 1989 жылы туған. Біраз уақыт аудандағы мекеме-кәсіпорындарда түрлі қызметтер атқарған. 2018-2023 жылдар аралғында аудандық ТҮКШЖКжАЖ бөлімінде бас маман, басшы қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда «Бәйтерек жол құрылыс» ЖШС-ның техникалық директоры. 1987 жылы туған Арман Сұраншиев 2013 жылдан бері Щапов ауылдық округ әкімі аппаратында жетекші маман, бас маман болып мемлекеттік қызмет атқарып келе жатыр. 1997 жылы туған Аслан Өтештің де мемқызметте біраз тәжірибесі бар. Ол Казталовта, 2022 жылдан бері ауданымыздың Шалғай ауылдық округі әкімі аппараттарында бас маман қызметтерін атқаруда. Өкінішке орай, ол денсаулық жағдайына байланысты пікірсайысқа қатыса алмады.
Пікірсайыста Данияр Көшебаев өзінің сайлауалды бағдарламасы негізінен инфрақұрылымды дамытуға негізделгенін баяндады. Ол ауылішілік жолдарды жөндеуге, арық жүйелерін қалпына келтіруге, жарықтандыруға және кәсіпкерлікті қолдау арқылы бюджет түсімдерін арттыруға мән бермекші. Ал Арман Сұраншиев әлеуметтік мәселелер мен ауыл тазалығына басымдық беруді көздейді. Оның жоспарында жас мамандарды ауылда ұстап қалу, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету және қаңғыбас иттер мәселесін жүйелі шешу шаралары қамтылған.
Пікірсайыстың ең қызу кезеңі тұрғындардың сұрақ-жауап бөлімінде өтті. Округ тұрғыны Амангүл Намазова ауыл орталығындағы мәдени демалыс орындары мен саябақтардың жағдайын қозғады. Кандидаттар бұл бағытта бюджеттік қаржыны ғана емес, жергілікті кәсіпкерлер мен ауыл түлектерін де тартудың маңыздылығын атап өтті.

image-09-05-26-11-10-2
Саяси іс-шара барысында шеткері көшелердегі жол сапасының төмендігі, жаңбырлы күндері жедел жәрдем мен көліктің қатынауындағы қиындықтар туралы да айтылды. Тұрғындарды балалар ойын алаңдарының жетіспеушілігі алаңдатады. Үміткерлер бұл мәселелердің барлығы қаржыландыру деңгейіне қарай кезең-кезеңімен шешілетініне сендірді.
Пікірсайыс Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.

Гүлім Орда

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале