26.05.2021, 15:49
Оқылды: 156

Бәйтеректе саяси қуғын-сүргін құрбаны ұрпағымен кездесу өтті

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Атаулы күнге орай Бәйтерек ауданына қарасты Калинин ауылдық кітапханасы саяси қуғын-сүргін құрбаны Баймырза Қарменұлының ұрпағы Сыйлыбай Карменовпен кездесу ұйымдастырды.

 00000

Сұхбат форматында өткен кездесу барысында шара қонағы, Переметный ауылының тұрғыны Сыйлыбай Карменов зұлмат жылдардың тауқыметін тартқан атасы Баймырза мен оның жолдастары Сейтқали Меңдешов пен Ермекқали Әбеновтердің өмірлері туралы әңгімесін баяндады.

- Атам Баймырза Қарменұлы Ордада қазақтың үлгілі атты әскерінің командирі болған. 1935 жылы «халық жауы» атанып, өмірден озды. Ал онымен үзеңгілес боған Сейтқали Меңдешов 1916 жылдары ұлт-азаттық көтерілісі бастаушыларының бірі. Ол да жазықсыз жаза арқалап, Астрахань түрмесіне жабылып, сол жерде жазаланған. Дәл осындай әділетсіздікпен қазақтың көрнекті қайраткерлері мен біраз атпалдай азаматтың тағдыры тәлкекке түсті.

Менің атам мен оның жолдастары қуғын-сүргін кезінде жазаланған мыңдаған отандастарымыздың бірі ғана. Болашақта ұлы зиялылары толық ақталып, есімдері мәңгі ұмытылмаса екен деген ниеттемін, - деді Сыйлыбай ақсақал кездесуде.

Сонымен қатар, шара барысында көрермен назарына «Қасиетті жылдар жаңғырығы» атты кітап көрмесі таныстырылды. Оған кітапхана қорындағы жаппай жазалаудың құрбандары туралы әдебиеттер қойылды.

- Аталмыш кездесу мен кітап көрмесінің ұйымдастырылуының мақсаты – зиялы қауымның өмірімен танысу, өткен тарихтан тағылым алып, кейінгі ұрпаққа өнегелі тәрбие беру. Өйткені тарихымызды ескермей, болашақ құру мүмкін емес, - деді Калинин ауылдық кітапханасының кітапханашысы Карима Бөкейқызы.

Өткенді еске алып, жазықсыз кінә арқалаған азаматтарымыздың есімін ұлықтау мақсатында өткен кездесу соңында Сыйлыбай Қарменов ұрпаққа үлгі болар шара ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысын білдірді.

 

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале