21.04.2021, 11:11
Оқылды: 59

Бәйтеректе сот ісін мемлекеттік тілде жүргізуге қатысты дөңгелек үстел өтті

№2 Бәйтерек аудандық сотының төрағасы Бақытгүл Жәңгірованың жетекшілігімен ZOOM платформасы арқылы «Сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тіл» атты дөңгелек үстел өтті.

451ECF60-000E-4EFE-9ED9-497DFA81D441

Басқосуға сот мамандары, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, аудан прокуроры Досбол Жұманов қатысты.

Шара басында Бақытгүл Жәңгірова қазақ тілінде қаралатын істердің біркелкі алға жылжығанын тілге тиек етіп, сотта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

-Талап арыз қай тілде жазылса, іс сол тілде қаралады. Оны өзгертуге, тараптарға істі қазақ тілінде қарауға өтініш білдіруге біздің құқымыз жоқ. Бірақ кейде орыс тілінде ойын толық жеткізе алмайтынын алға тартып, істі қазақша жүргізуді өтінетін азаматтар кездеседі. Ал қылмыстық істерді қарағанда әркім өзі жақсы білетін, сұрақтарға нақты жауап қайтара алатын тілді таңдайды. Жоғарыдағыдай жағдайдың туындауы нені көрсетеді? Бұл арызды қабылдаушы құзырлы орган өкілдері мен адвокаттардың әлі де болса ресми тілде жұмыс істеуді қалайтынын, талапкерлерді де өзі жетік білетін тілге итермелейтінін көрсетеді, - деген сот төрағасы мемлекеттік тілге қатысты мәселелерді бірігіп шешу керектігін алға тартты.

676E8CAC-560E-4BAD-9E18-F9CC0ABBEAAF

Жиында сөз алған аудан прокуроры Досбол Жұманов баяндамасында қылмыстық-процессуалдық заңнамасының сот ісін жүргізу тілі туралы талаптарын сақтаудың өзекті мәселелері туралы айтып өтсе, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спрот бөлімінің басшысы Радик Ихласов мемлекеттік тілді қолдану практикасына қатысты бірқатар мәселелерді талқылап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге шақырды.

Жиында сот төрағасы қазақ тілі курсын ұйымдастыру пандемияға байланысты кешеуілдеп жатқанын жеткізді.

Шара соңында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға сот төрайымы Бақытгүл Жәңгірова тұшымды жауап берді.

                                Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале