4.06.2022, 23:25
Оқылды: 57

Бәйтеректе сүт белдеуі дамып келеді

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Бәйтерек ауданындағы шаруашылықтарда болып, сүт белдеуін қалыптастыру бағытындағы іс-шаралармен және егістік жұмыстарымен танысты.

1111

        Айта кетейік, сүт белдеуін қалыптастыру бойынша ауданда айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Бәйтеректе сүтті бағытта 20562 бас аналық тіркелсе, соның 9246-сы сауылып, тәулігіне 50 213 литр сүт береді. Ауданда сүт сатып алу және сату бойынша 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істейді. 8 сүт тауарлы фермасы бар. Сүтті бағыттағы мал өсірумен айналысуға ден қойған шаруашылықтар қатары артып келеді. Биылдың өзінде бес-алты шаруашылық сүтті бағыттағы сиырларды әкелуді жоспарлап отыр. Солардың бірі - Трекин ауылдық округіндегі «Жәрдем» шаруа қожалығы.

        Өңір басшысы алдымен осы шаруашылыққа барды. 2000 жылы құрылған шаруашылық етті бағыттағы мал өсірді. Облысымызда алғашқыларды бірі болып мал сою пунктін салған еді. Артынан бұл пункт Иран еліне үлгі ретінде көрсетіліп, 2016 жылы аталмыш мемлекетке ет экспорттай бастады. Биылдан бастап өңіріміздің сүт белдеуін дамытуға үлесін қосуды жоспарлап, 70 бас сүтті бағыттағы сиыр алған. Енді 100 басқа арналған қора салуда. Қазір күніне 1 тоннағы жуық сүт өндіріп, оны сүт зауытына тапсыруда. Болашақта өңдеу цехын ашуды жоспарлап отыр. Шаруашылықтың 516 гектар егістік, 85 гектар шабындық жері бар. Сүтті мал өсіргеннен кейін қосымша егістік әрі шабындық жер керек. Қожалық жетекшісі Серікқали Әжиевтің айтуынша, қаржылық бағытта да қиындықтар жоқ емес. Кепілдікке қоятын зат жетіспейді.

Облыс әкімі шаруашылық жүргізуге, соның ішінде сүтті бағытқа ден қойғандарға қолдау болатынын айтты. Мәселен, елімізден сүтті сиырлар алған шаруашылыққа әр басқа 200 мың теңге демеуқаржы төленеді.

-Сіз ауыл шетіндегі мейрамханаңыз кешегі пандемия кезінде босқа тұрып қалғанын айтып жатсыз. Трекин ауылына спорт зал керек. Сіздің мейрамханыңыз биіктігі жағынан волейбол, баскетбол сықылды ойындар үшін келмегенімен, фитнес, күрес залы ретінде пайдалануға болады. Егер келіссеңіз оны сатып алып, спорттық бағыттағы нысанға айналдыру жағын қарастырайық,-деді Ғали Нәжімединұлы.

сүт

Сүт белдеуін қалыптастыруға үлесін қосу үшін іске кіріскен шаруашылықтың бірі -  «Ayla Enviro» ЖШС. Январцев ауылдық округінде мал қорасын салып жатқан серіктестікке таяу аралықта Чехиядан 96 бас симентал тұқымды сиырлары әкелінбекші. Серіктестік басшысы Байдолла Аманғалиевтің сөзінше, асыл тұқымды бір бас малдың құны 1,2 млн. теңгені құрайды. Келесі жылы да осындай көлемде мал алып келмекші. Одан кейін де бұл үрдіс жалғасын табады. Бұл серіктестік те өндірілген сүтті алғашқы кезде сүт зауытына тапсыруды, артынан өңдеп, ірімшік өндіруді жоспарлап отыр. Қолбайлау болып тұрғаны – мал азығын дайындауға қажет жердің жоқтығы. Осы маңнан 360 гектар егістік жер сатып алып, оған арпа, жүгері егіп тастаған. Айналада тағы бір 300 гектар бос жер бар. Байдолла Аманғалиев облыс әкімінен сол жерді алуға көмек сұрады. Өңір басшысы аудан әкімі Марат Тоқжановқа осы мәселені қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ шаруаға алыс шетелден әкелінетін асыл малдың әр басына 400 мың теңге демеуқаржы берілетінін, салынып жатқан қора тиісті талаптарға сай болса, оған да субсидия алуға болатыны түсіндірілді.

Сәкен Мұратұлы

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале