8.07.2021, 19:23
Оқылды: 58

Бәйтеректе «Жасыл ел» жұмысы қызып тұр

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыстар Бәйтерек ауданында қарқынды жүруде. Студенттер мен жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтып, жас ұрпақ арасында патриоттық сезім мен экологиялық тәрбиені насихаттайтын ұйым жұмысы маусым, шілде, тамыз айларына жоспарланған. Қазіргі таңда еңбек жасағының екінші маусымы басталды.

20210709_130144

Биыл Бәйтерек ауданында 16-29 жас аралығындағы жастарға республикалық «Жасыл ел» штабынан 81 квота бөлінген. Маусым айында жұмысшы жастар Январцев, Раздольный, Мичурин ауылдық округтерінде еңбек етсе, қазіргі таңда екінші лектегі жастар Переметный, Дариян, Мичурин ауылдарында абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Еңбек отрядтары көгалдандыру жұмыстарымен қатар белгіленген территорияның қоқысын жинап, саябақтарда, темір жол және автокөлік жолдары бойына көшет­тер отырғызып, абаттандыру жұмыстарын атқаруда.

- Жастарға экологиялық білім беріп, оларды еңбексүйгіштікке, патриоттыққа, жинақылық пен тазалыққа тәрбиелейтін «Жасыл ел»  бағдарламасының өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Бұл жерде жастар аса ауыр жұмыс атқармайды. Киім-кешекпен арнайы қамтылған еңбекші жастардың қауіпсіздігі де толығымен сақталған. Жалпы қауіпсіздік ережелерін сақтамай, қиындыққа тап болған студенттер мен оқушылар болған жоқ. Күннің ыстығына қарамастан жастардың жұмыс істеуге ынтасы зор. Уақытында жұмысқа келіп, өздеріне берілген тапсырманы дер кезінде орындауда, - дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жанар Асылбекқызы.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале