6.10.2020, 17:22
Оқылды: 43

Бәйтеректе жедел штаб отырысы өтті

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың төрағалығымен аудандық жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Оған штаб мүшелері, бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Shtab Baiterek (4)

– Бүгінде аты жаман аурудың екінші толқыны шығуы мүмкін екені көп айтылуда. Солтүстік көршіміздегі жағдай жақсы дей алмаймыз. Сондықтан алда атқарылар шараларды толықтай жоспарлап, барлық жұмыстардан қандай нәтиже шыққанын бір саралайтын уақыт келді. Болашақта кез келген жағдайға дайын болуымыз керек, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Кейін ауданның тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Альфия Хасенова сөз алды. Оның айтуынша, қазір аудандағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты екен. Соңғы аптада төрт адам ауру жұқтырған. Барлық науқастар бүгінде қатаң бақылауға алыныпты. Олардың төртеуінен де пневмония анықталыпты.

Shtab Baiterek (2)

– Ауру жұқтырған азаматтардың барлығы көпшілік орындарда болғанын айтты. Бақылауға алынған адамдардың екеуі Мичурин ауылдық округі аумағынан болса, қалғаны Переметный ауылының тұрғындары. Балалар арасында ауру жұқтырғандар жоқ, – деді А.Хасенова.

Сондай-ақ Альфия Мұстахымқызы жексенбі күні шыққан еліміздің бас санитарлық дәрігерінің №54 және 55 қаулыларындағы өзгерістер жайына да тоқталды.

– Жаңа қаулыға сәйкес, барлық санитарлық бекеттерде лабораториялық тексеріс жүргізілмейді. Енді арнайы карантиндік бөлімдер ашылатын болады. ПТР тестіден өтпеген ел азаматтары екі күн карантинге жатқызылып, сол жерде арнайы тексерістен өтеді. Егер тексеріс қорытындысы оң нәтиже берсе, науқастар үйіне карантинге жабылады, – деді А.Хасенова.

Сондай-ақ ауданның бас санитары еліміз арқылы өтетін транзиттік көліктер қозғалысы қалай болатыны туралы сөз қозғады. Айтуынша, облыс аумағын кесіп өтетін азаматтар алдымен тексеріліп, содан кейін ғана жолға шығарылады екен. Ал ПТР тестіден өтпеген шетел азаматтары ел аумағына кіргізілмейді.

– КВИ бойынша аудандағы қазіргі ахуал тұрақты емес. Осы кезге дейін 558 адам ауру жұқтырған болса, оның 552 жазылып шықты. Соңғы аптада алты адам covid-19 жұқтырғаны анықталды. Олардың екеуі симптомды болса, қалғандары симптомсыз, – деді өз сөзінде Альфия Мұстахымқызы.

Shtab Baiterek (3)

 

Бұдан бөлек, жиында арнайы мониторингтік топ жұмысы, сондай-ақ карантин талаптары мен бас санитарлық дәрігер қаулысында көрсетілген ережелерге бағынбағандарға қатысты жазылған хаттамалар бойынша жұмыстану жайы да сөз болды.

Отырыс барысында аудан басшысы транзиттік көліктерді бақылауға алып, олардың облыс аумағынан кедергісіз шығып кетуін қамтамасыз ету жайын ерекше назарға алу керектігін айтты. Сонымен қатар Марат Лұқпанұлы карантиндік стационарлар ашып, оның барлық талаптарға сай болу керектігін ескертті.

– Осыған дейін болған жедел штаб отырысында көтерілген мәселелерді шешіп жатырмыз. Мониторингтік топ мүшелері де жұмысты күшейту керек. Жағдай ушығатын болса, дайын болған жөн. Қазір ауданның шекарадағы ауылдарына көп күш түседі. Сол округтердің әкімдері сақтық шараларына мықтап көңіл бөлуі қажет, – деді М.Тоқжанов.

 Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале