22.09.2020, 9:45
Оқылды: 95

Бәйтеректе жедел штаб отырысы өтті

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен аудандық жедел штаб отырысында коронавирус жағдайы және атқарылып жатқан шаралар жайы талқыланды. Бүгінгі күннің басты мәселесіне айналған індетпен күрес жайы сөз болған отырысқа жедел штаб мүшелері, бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері скайп желісі арқылы қатысты.

штаб (1)

- Бірнеше айдан бері еліміз ғана емес, барша әлем қорқыныш күйін бастан өткеруде. Соңғы айларда ауру саябырсып, қалыпты өмірімізге орала бастағандай едік. Бірақ жағдай қиындап, ауданымызда індет жұқтырған адамдар пайда болды. Бұл мәселе бізді шешімді қимылдар жасап, ауру өршіген жағдайда сақадай сай болуға итермелейді. Сондықтан барлығымыз осы кезге дейін жасалған жұмысты саралап, алда атқарылар шараларды толықтай жоспарлауымыз керек, - деді аудан басшысы жиын басында.

Кейін ауданның тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Альфия Хасенова сөз алып, осы кезге дейін атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, қазір аудандағы эпидемиологилық жағдай тұрақты екен. 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы егу шаралары басталған. Альфия Мұстахымқызы тұмауға қарсы екпені дәрігерлер, 6 айдан асқан жиі ауыратын балалар, жетім балалар мен әлеуметтік мекемелерде қызмет алушылар, созылмалы ауруы барлар тегін түрде ала алатынын айтты. Сондай-ақ ауданның бас санитары жұмыс беруші есебінен екпе алатындар тізімін жинақтап, оларға да арнайы вакцина салу керек екенін ескертті.

- COVID-19 бойынша аудандағы ахуал тұрақсыз болып отыр. Осы кезге дейін 553 адам індет жұқтырған болса, оның 524 емделіп шықты. Қыркүйек айының өзінде covid жұқтырған 16 адам тіркелді. Медицина қызметкерлері ауру жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған жандарды күнделікті тексеруде. Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің №53 жарлығына сәйкес қазір «Сырым» карантиндік бекетінде ауруды анықтау жұмысы жанданды. Осы орайда аталған бекеттен өтушілерді ПТР тестілеуден өткізу және қызуы бар адамдарды қаламыздағы провизорлық бөлімшелерге жеткізуді қолға алу қажет, - деді Альфия Хасенова.

Сондай-ақ А.Хасенова күніне 900-ден астам адам өтетін бекеттегі арнайы дәрігерлер отыратын орынға жылу өткізу керек екенін де өз сөзінде атап өтті. Бұдан бөлек, ауданда арнайы мониторингтік топ жұмыс жасап жатқанын айтқан ол осы кезге дейін полиция бөлімінің қызметкерлері 51 әкімшілік хаттама толтырғанын, оның 33-не айыппұл салынғанын айтты.

Жиын барысында аудандық мониторингтік топ жұмысы жайында өз пікірін білдірген аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев топ мүшелері біраз жұмыс атқарғанын жеткізді. Айтуынша, осы кезге дейін мониторингтік топ карантин талаптарын бұзған жандарды анықтап, көп адам жиналатын той-садақалардың да алдын алған.

- Біздің мониторингтік топтың басты жұмысы карантин талаптарын бұзған жандарға айыппұл салу емес. Біздің міндет – санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау. Осы кезге дейін толықтай аудан аумағын аралап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Барлық округте арнайы топтар құрылды. Бүгінде тәртіп бұзушылық әлдеқайда төмендеді. Күні кеше көп адам жиналған бәйге боларын естіген бойда оның алдын алдық, - деді Е. Бисақаев.

Штаб отырысында аудан әкімі Марат Тоқжанов қазіргі жағдай арқаны кеңге салуға себеп емес екенін ескертіп, барлық тиісті мекемелерге жағдайды бақылауда ұстау қажет екенін қаперледі.

- Карантин шаралары жеңілдегенмен, жағдай жақсарды дей алмаймыз. Қазіргі басты міндет – аурудың алдын алу. Осы ретте ішкі істер қызметкерлері мен мониторингтік топ мүшелеріне күш түседі. Қалған бөлімдер де сақ болғаны абзал. Ауруды жеңу үшін барлық талаптардың сақталуын өзімізден бастауымыз керек, - деді М. Тоқжанов жиын соңында.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале