12.10.2020, 10:27
Оқылды: 75

Бәйтеректе жұмысшы жастар волейболдан жарысты

Бәйтерек ауданы орталығында жұмысшы жастар арасында волейболдан аудандық турнир өтті. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған спорттық шараға сегіз команда қатысты.

A1A3B11C-0091-4930-BC3A-79E8CD55C7A3

Жарыс ережесі бойынша екі топқа бөлінген командалар жартылай финал жолдамасын сарапқа салды. Қорытындысында аудандық ветеринариялық станса, Қасым Аманжолов мектебі, Камен мектебі және мемлекеттіке қызметшілер командасы жүлде таласына түсуге мүмкіндік алды.

Алғашқы жартылай финалдық жұпты құраған Қасым Аманжолов мектебінің командасы мен мемлекеттік қызметшілерден құралған ұжым арасындағы ойында ұстаздар басым түссе, келесі жұптың тартысқа толы матч нәтижесінде Камен мектебінің командасы жеңімпаз атанды.

Осылайша жартылай финалда сәтсіздікке ұшыраған мемлекеттік қызметшілер мен ветеринарлар үшінші орын жүлдесін сарапқа салды. Финалдан кем түспеген ойын көрерменге тамаша эмоция сыйлады. Тарызы басы бірде мемлекеттік қызметшілер жағына түссе, енді бірде жинақылық танытқан ветеринарлар ұпай жинай түсті. Үш партияға созылған тартысты кездесу қорытындысында ветстанция командасы жеңіске жетіп, үшінші орынды қанжығасына басты.

Ал финалда кезіккен аудан орталығындағы қос мектеп командасы тіптен тамаша ойын ұсынды. Осы кезге дейін аталмыш турнирді бірнеше мәрте жеңіп алған Қасым Аманжолов мектебінің ұстаздары алғашқы партияны өз пайдасына шешкенімен келесі партияларда ойын тең дәрежеде өрбіді. Тек соңғы күштерін жинап, командалық ойынның керемет үлгісін көрсете білген Камен мектебінің командасы әріптестерін қапы қалдырып, турнир жеңімпазы атанды.

Сондай-ақ үздік ойын көрсеткен Жақсылық Тілеков «Үздік қорғаушы», Сұлтан Хайрушев «Үздік тосқауыл қоюшы», Қанат Жұмағалиев «Үздік байланыстырушы», Екатерина Рощупкина «Үздік ойыншы» аталымдарына қол жеткізді.

-Еліміздегі шектеу шаралары көптеген спорттық жарыстар мен мәдени-көпшілік басқосуларды өткізуге кедергісін тигізуде. Қазіргі саябырсыған шақты пайдаланып, аудан жастарының басын қосқан тамаша жарыс өткізудің сәті түсті. Індеттен арылып, қалыпты өмір салтымызға оралған кезде бұндай жарыстар тағы да өткіземіз. Бәсекеге келіп үздік ойынын көрсеткен ұжымдарға аудан әкімінің атынан алғыс білдірімін,-деді жарыс тамашалауға арнайы келген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Дүзбатыр.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале