15.09.2020, 19:19
Оқылды: 55

Бәйтеректе жыл басынан бері 2477 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды

Бәйтерек ауданында ағымдағы жылдың сегіз айында 2477 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оларға 9 млн. 156 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 7 млн. 82 мың теңгесі өндірілген. Қалған айыппұлы бар азаматтарға ескертулер берілген. Бұл туралы Бәйтерек аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Манарбек Нажиев мәлім етті.

2018110917215770184_103-1-e1541756523605

- Пандемияға байланысты жарияланған карантин кезінде карантин режимін бұзуға байланысты 49 факті анықталды. Оның 25-і аудан орталығында болса, қалған 24-і Дариянда тіркелді. Оқиғалар бойынша материалдар тиісті орындарға жіберілді. 298 жол қозғалысын бұзу анықталды. 59 көлік жүргізуші автокөлікті мас күйінде басқарған. Оларға әкімшілік іс қозғалып сотқа жолданды. Сегіз ай ішінде ауданымызда 14 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 4 адам көз жұмып, 12 адам түрлі дене жарақаттарын алды, - дейді Манарбек Қатиұлы.

Өткен жылы 17 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 8 адам өмірімен қош айтысса, 21 адам түрлі дене жарақатын алған. Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасарының айтуынша, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі облыс әкімі бекіткен 2019-2020 жылдарға арналған жол картасы. Жол картасы аясында бірнеше шаралар өткізілген. Мәселен, «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Автобус», «Құқықтық тәртіп» және «Жолдау қабылдау» сынды жедел-профилактикалық шаралар. Осындай шаралардың өткізілуіне байланысты әкімшілік құқық бұзушылық ауданымызда төмендеген.

Нұрлыбек Қыдырғалиұлы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале