30.12.2023, 23:42
Оқылды: 43

Бәйтеректе жыл үздіктері анықталды

Ауданның толағай табыстарға жетуіне зор үлес қосып, талмай еңбек етіп келе жатқан әр саладан үздік мамандар анықталып, Бәйтерек ауданының «Жыл үздігі – 2023» премиясы табысталды.

IMG_20231230_231030_834

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов жерлестерді жаңа жылымен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.

IMG_20231230_230924_268

- Биылғы жыл ауданымыз үшін берекелі жыл болды. Облыс бойынша ең көп 112 шақырым тас жол төсеген біздің ауданымыз. Төрт ауылда жаңа мектеп пайдалануға берілді. Мектептерде бала санын азайтпау мақсатында Чиров, Кирсанов секілді бірқатар ауылдағы көпбалалы отбасыларға үй алып бердік. Келесі жылы да жоспар бойынша атқарар істер көп. Жаңа жылдан тек жақсылық күтеміз. Бәріміз бір дастарханда бас қосып, шүйіркелесіп отырмыз осының өзі қандай бақыт. Аудан үшін жасап жатқан еңбектеріңізге зор алғыс,- деген Марат Лұқпанұлы сала қызметкерлеріне марапат табыс етті.

IMG_20231230_230709_425

«Үздік ауыл шаруашылығы саласының қызметкері» аталымы асыл тұқымды ірі қара мал және егін шаруашылығымен айналысатын, бүгінгі күні балық тұқымын өсіру бойынша облыстың 90 пайызын қамтып отырған «Ливкино» ТОО басшысы Михаил Марченкоға, «Үздік қызмет көрсету саласының қызметкері» аталымы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық, Дариян ауылдық халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Қарлығаш Қоныспаеваға берілді. Ал, аудандық №2 ауруханасының дәрігер педиаторы Светлана Ульченоква «Үздік медицина саласының қызметкері», аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Серік Қарлыбаев «Үздік құқық қорғау саласының қызметкері», аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Медет Оңдағанов «Үздік спорт саласының қызметкері», аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Алтынай Ищанова «Үздік әлеуметтік сала қызметкері» атанды.

IMG_20231230_230729_799

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас есепшісі Алтынай Өтеғалиева «Үздік қаржы саласының қызметкері», Шалғай ауылдық мектебінің кіші қызметкері Марина Томилова «Үздік коммуналдық сала қызметкері», Халықтық «Скифы» вокалды аспапты ансамблі және «Достық-Дружба» ансамбілінің солисті Ақан Жекеков «Үздік мәдениет саласының қызметкері» аталымына лайық деп танылды.

IMG_20231230_230815_435

Сондай-ақ «Арна» дүкендер желісі мен тойханасының жетекшісі Әсел Ижанова «Үздік кәсіпкер», ауданның құрметті азаматы, ірі кәсіпкер Владимир Шевчук «Үздік меценат», «Лаура» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Гүлнара Ғалиева «Үздік инвестор», Дарияндағы Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының директоры Шолпан Өмірзақова «Үздік мектеп директоры», Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Альмурзин «Үздік округ әкімі», аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ерлан Тоқсанбаев «Үздік бөлім басшысы» аталымымен марапатталды. «Жыл жаңалығы – 2023» аталымы аудандық "Шың" сазды-драма театрының бас режиссері Әліби Жаңабіловке берілді.

IMG_20231230_230747_463

Және аудандық ішкі саясат бөлімі жыл бойы ақпараттық саясатты үздік жүргізгені үшін Құрманғазы ауылдық округіне арнайы сыйлық (теледидар) табыстады.

Марапаттау рәсімінен соң қонақтар мерекелік дастарханнан дәм татып, аудандық өнерпаздардың өнерін тамашалады.

Нұрсәуле Жәнібекқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале