3.12.2023, 16:35
Оқылды: 28

Бәйтеректік батагөй қариялар сынға түсті

«Баталы құл арымас» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Қарты бар үйдің шырағы сөнбейді. Мұны көпшілік, соның жас ұрпақ әрқашан есте ұстауы қажет. Осы мақсатта Бәйтерек ауданы орталығында «Батамен ел көгерер» атты аудандық батагөй қариялар арасында сайыс өтті.

IMG-20231203-WA0041

Аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Зияткер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған сайысқа жеті ауылдық округтен келген аға буын өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев мұндай сайыстың мән-маңызына тоқталып, қоғамымыздың қадірлі қазынасы болып саналатын қарияларға сәттілік тіледі.

IMG-20231203-WA0038

Сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші, таныстыру кезеңінде жиналғандар өздерінің өмірбаяндарына, ата тегіне, отбасылық жағдайына шолу жасап, бата беру дәстүрі туралы ойларымен бөлісті. Екінші кезең бата беру деп аталды. Онда қатысушылар білетін, өздері шығарған баталарды айтты. Ал соңғысында берілген тақырыптар бойынша бата жасалды. Барлық кезеңде тосылып қалған ешкім болған жоқ. Сайыскерлердің бәрі да барынша дайындалғаны байқалды.

- Салт – дәстүрлердің ішіндегі ең асылы, көңілдің сәнін келтіріп, өмірдің мәнін ұғындыратын рухани құндылығымыз бата деп айтсақ еш қателспейміз. Бата арқылы кейінгі ұрпақтарымызға үлгі болу мақсаты көзделеді. Бата айтылатын үйден ырыс–несібе, береке арылмайтыны анық. Кешегі кеңес замандағы солақай саясаттың салқыны салдарынан біраз салт-дәстүріміз көмескіленгені рас. Содан келіп бата мен тостты айыра алмай қалғанымыз да жасырын емес. Тәуелсіздік алғалы бұл олқылықтың орны біртіндеп толып келеді. Жалпы, әділқазылар алқасына сайыскерлерді бағалау оңай болған жоқ. Біз барынша әділ болдық деп ойлаймыз,-деді сайыс соңында сөз алған әділқазылар алқасының жетекшісі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев.

IMG-20231203-WA0042

Әділқазылар алқасының шешімен барлық кезеңде де жоғары ұпай жинаған Зеленный ауылының тұрғыны Амангелді Мыңбаев ақсақал үздік деп танылды. Ал Байқоныс ауылынан келген Бақыт Бақтыгереева мен бейбітшіліктік Сағынғали Исембаев қалған жүлделі орындарды өзара бөлісті.

IMG-20231203-WA0040

Сайыс соңында сөз алған Амангелді Мыңбаев халқымыздың ата заманнан келе жатқан ұлттық салт-дәстүрі негізінде жастарды адамгершілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеуге негіз болатын батаның құрдыреті туралы сөз қозғап, жиналғандарға арнайы батасын берді.

IMG-20231203-WA0043

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале