8.04.2021, 11:19
Оқылды: 124

Бәйтеректік Гүлбақыттың қазақы десерті

Қазақ халқының ұлттық тағам өнімдері – еліміздің бренді. Оны дамытып, насихаттау арқылы ұлттық аспаздық мәдениетімізге үлес қосып қана қоймай, дәстүрімізді әлемге танытуға да болады. Бұл бағытта жұмыстанып жүрген кәсіпкерлердің қатары толығып келе жатқаны қуантады. Қазақы десерт саналатын жентті дайындап, оны өзінің қолтаңбасына айналдырған бәйтеректік Гүлбақыт Ғайсақызы бүгінде жентті шоколадпен қаптап, саудаға шығарып, шағын кәсібін дөңгелетіп отыр.

 Жент44

Іс бастағанына көп болмаса да, ұлттық тағамымызға деген сұраныстың артуына аз да болса өз үлесін қосып үлгерді.

Гүлбақыт ханым Сырым ауданы Жымпиты ауылында туып өскен. Қазіргі таңда отбасымен бірге ауданға қарасты Белес ауылында тұрады. Төрт баланың анасы. Жуырда «Zere» атты дәстүрлі ұлттық десерттерді дайындайтын кондитерлік цехын ашты.

- Мемлекет кәсіп ашамын деген жандарға қолдауын аяған емес. Өзім «Бастау-Бизнес» жобасы аясында ісімді ашуға болатынын түсіндім. 2019 жылы наурыз айында бизнес идеямды алып, жобада бағымды сынамақшы болдым. Аудандық жұмыспен қамту орталығына барып тіркеліп, бизнес жүргізудің арнайы оқуын оқып шықтым. Сол жерде бизнес тренерім Венера Мұратқалиева менімен жеке жұмыстанып, инновациялық грантқа тапсырып көруге үгіттеді. Басында аздап қорыққаныммен, тәуекелге бел будым, - дейді Гүлбақыт.

Бірақ инновациялық грант алу үшін ерекше, өңірімізде бұрын-соңды болмаған жобаны ойластыру керек болатын. Содан жол бастаушысымен ақылдаса келе ұлттық тағам жент шығаруды негізге алып, үлкен жобаны бастапты.

Кәсіпкердің айтуынша, бұрын жент жасап көрмегендіктен, алғашында іс бастау қиынға соққан. Десе де әр ісін қашан да соңына дейін жеткізуді үйренген өжет келіншек көлденең келген барлық қиындыққа төтеп берген. Жент туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан мәлімет іздестірген.

- Іс бастар алдында көп іздендім. Бірақ жент туралы ақпарат жоқтың қасы. Осы кезде ұлттық десертіміз жайында жөнді ақпараттың жоқтығы көңілімді түсірді. Бірақ шегінерге жол болмады. Бар оқығанымды жиып, істі бастадым, - дейді Гүлбақыт.

Жент11

Осылайша тынымсыз еңбектің арқасында білімін толықтырған кейіпкеріміз жент жасауға қолын үйретіп, тәжірибе жинаған. Гүлбақыт алғашында өз өнімінің көңілінен шықпағанын да жасырмайды. Бірақ, шеберлігін шыңдай берген. Содан өзі де іске төселіп, заманауи түрде өнім жасауды ғана емес, жаңа рецептін ойлап шығарған. Содан 2019 жылдың мамыр айында комиссия мүшелерінің алдында өз бизнес жобасын қорғап шыққан.

Жас кәсіпкер іс бастаған шақтарда қорқыныш пен қобалжу бойын билегенін де жасырмайды. Алайда, бала күнінен түрлі торттар мен тәтті пирогтарды пісіріп төселген ол жаңа істі дөңгелетіп ап кететініне еш күмәнданбаған. «Сол сенімімнің арқасында грантты да жеңіп алдым», - деп күледі ол осы күні.

Сондай-ақ шебер өңірімізде жөнді жент жасайтын шеберлердің жоқтығына налиды. Ал басқа өңірлерден келген тауардың сапасы күмәнді екен.

Жент22

- Менің жентім – таза табиғи өнім. Секер, маргарин деген қоспаларды мүлде қоспаймын. Бағасы қымбат. Бірақ, сапасы жоғары деп зор сеніммен айта аламын, - дейді кондитер.

Қазір кейіпкеріміз тұтынушыларының денсаулығына пайдалы, ешқандай зиянды қоспалары жоқ ұлттық өнімдерді ұсынып отыр. Екі жыл ішінде оған жент жасауға тапсырыс беретін адам саны да артқан. Сонымен қатар Орал қаласындағы бір кондитерлік цех пен бір дүкен өнімдерін үнемі алып отырады. Жанұялық кәсіп болған соң жолдасы Абзал дайын өнімді жеткізумен айналысады. Ал ұлдары Әділет пен Бекарыс сабақтан қолы қалт еткенде анасына көмектеседі. Қос ұланның отбасы кәсібін жалғасақ деген бала армандары бар. Тағы бір ұлы Әмірхан үште болса, кондитерлік цехқа өз атын берген қызы Зере бес жаста.

- Тапсырыс берушілерімнің көбі шоколадқа оралған жент сұрайды. Біз оның төрт түрін жасаймыз. Одан бөлек классикалық жент деген бар. Ол ешқандай қоспасыз жасалады. Сондай-ақ қайнатылған құрт пен ірімшік жасап саудаға шығарамын. Ешкімге жалтақтамай кәсіп жүргізіп отырмын. Болашақта ісімді кеңейтсем деген ойым да бар, - дейді Гүлбақыт ханым.

Сөз соңында ауылдың бір қызын жұмыспен қамтыған Гүлбақыт ханым кондитерлік цехының ресми ашылуын ұйымдастырғысы келетінімен бөлісіп, қолдау көрсеткен барлық жандарға алғысын білдірді.

 

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале