7.06.2021, 9:12
Оқылды: 79

Бәйтеректік «НұрАй» би тобы жүлдегер атанды

Орал қаласында "Batys juldyzdary" атты республикалық би байқауы өтті. Ел Тәуелсіздінің 30 жылдығына арналған өнер бәйгесіне еліміздің әр аумағынан келген 86 би ұжымынан 1300-ден астам биші қатысты.

 IMG_20210606_141254_211

Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының "Шалқыма" би ансамблінің көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері, ҚР мәдениет қызметкері, "Құрмет" орденінің кавалері Абдрасул Есекеев, Алматы қаласынан келген "Танцы на ТНТ", "Биле, Қазақстан!" жобаларының финалисті Александр Ли, елордасынан арнайы келген республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, хореограф, костюм суретшісі, дизайнер Алтынбек Ермұханов және Жастар мәдениет үйінің директоры Медет Мерғалиев сынды азаматтар төрелік етті.

Өнер байқауы екі күнге созылды. Бишілер бәсекесінде Бәйтерек ауданы Көшім ауылының үлгілі "НұрАй" би ансамблі де өнер көрсетті.

IMG_20210606_141254_128

Қорытындысында хореограф Гүлмира Алкановадан тәлім алатын ансамбльдің орта буын бишілері екінші орын иеленсе, үлкен топ өнерпаздары бірінші орынды жеңіп алды.

Енді көшімдік бишілер Атырау қаласында өтетін "Ғажайып би әлемі" конкурсында өңір намысын қорғайтын болады.

- Орта жастағылар «Фристайл» қойылымын сахналады. Би қоюшысы – Лаура Тілекқабылқызы. Ал жоғары топ бишілері «Экспресс» биімен бірінші орынға ие болды. Енді Атырау қаласында өтетін байқауда облыс намысын жықпауға тырысамыз, - дейді «НұрАй» би ансамблінің жетекшісі Гүлмира Алканова.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале