10.12.2021, 20:14
Оқылды: 78

Бәйтеректік оқушылар үздіктер қатарында

Бәйтеректік оқушылар «Балалар даму академиясы» іздестіру-зерттеу конференциясының жеңімпазы атанды.

388C6773-ECDC-4902-A1C5-C8DA2426E0CF

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы ұйымдастыруымен өткен байқауға өңір аудандары мен қала мектептерінен келген оқушылар қатысты.

Қазақстандық патриотизм мен жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жан-жақты және үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыру мақсатында оздырылған байқауда бақ сынаған бәйтеректік арулар ұшқыр ойлары мен жаңашыл көзқарастарын танытып, жарыс жеңімпазы атанды.

Іздестіру-зерттеу конференциясы үш секциядан тұрды.

"Экология" деп аталған бөлімде бой көрсеткен Егіндібұлақ мектебінің оқушысы Самира Сакпусунова «Менің ауылымның экологиялық проблемалары» тақырыбында жоба қорғады. Ол туған ауылының жай-күйін зерделеп, өткір экологиялық проблемаларды анықтай отырып нақты шешу жолдарын көрсеткен жобасымен жарыстың екінші орнын жеңіп алды.

Ал "Өлкетану" секциясында ауданның «Тәуелсіздік құрдастары» туралы теңдессіз ақпарат тауып, елдің егемендігі жайлы ерекше жоба қорғаған  Қасым Аманжолов мектебінің оқушысы Ділназ Ерғали ерекше өнерімен көпті таң қалдырды.

6B9EAC07-2064-4B91-A4F9-11A15BFD00C3

Сондай-ақ “Үздік туристік маршрут” аталымында туристік маршруттың кеңейтілген жобасын электронды және қағаз түрінде дайындаған Переметный мектебінің оқушысы Роксана Казанова байқаудың бірінші орнына ие болды.

Байқау ережесіне сай қатысушылардың тақырыпты кеңінен ашып, қайталанбас ой мен бөлек пікір білдіруі, онымен қоса сахна мәдениетін сақтап, сөз сөйлеуі және өзін-өзі ұстауы да бағаланған.

Баяндама барысында қатысушының демонстрациялық материалдарды қалай пайдаланғаны және олардың сын көтерерлік сапасы өткір талқыланды.

- Екі күнге созылған байқауға аудандық кезеңде жүзден жүйрік танылып, алға шыққан оқушыларды алып бардық. Конференцияға жалпы он екі аудан мен қала мектептерінен келген 14-16 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Жүздеген оқушы ішінен өздерін көрсете біліп, төрешілердің оң бағасын алған шәкірттеріміздің жеңісіне қуаныштымыз. Біз олармен мақтанамыз, - дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының өлкетану секциясының жетекшісі Асхат Бекешев.

Назерке Сыйлыбаева,

Байтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале