18.06.2021, 14:33
Оқылды: 63

Бәйтеректік тәртіп сақшысы

23 маусым – тәртіп сақшыларының төл мерекесі. Көпті алаңдатқан төтенше жағдай кезінде дәрігерлердің қадірін қаншалықты ұғынсақ, қоғам тыныштығының кепілі болған полиция қызметкерлеріне де алғысымыз шексіз. Міне, өмірін қауіпке тігетін, жұмысын жанындай жақсы көретін үлгілі полиция қызметкерлері Бәйтерек ауданында да жеткілікті.

 тельман

Тельман Бекжанұлы 1989 жылы Теректі ауданы Ақжайық ауылында дүниеге келген. Туған ауылында орта мектепте 9-сыныпты аяқтаған соң Орал қаласындағы №1 кәсіптік колледжінде газ-электрик мамандығы бойынша білім алады. 2008 жылы Павлодар заң колледжіне оқуға түсіп, бала күнгі тәртіп сақшысы болу арманын жүзеге асырады.

- Ел азаматы, полиция қызметкері боламын деген арман жастайымнан ойымда жүрді. Болашақ мамандығымды таңдаған кездегі маңызды шешімді жақындарымның қолдауымен, жүрегімнің қалауымен қабылдадым және әлі күнге дейін өкінген емеспін. Мемлекет алдындағы парымыз бен халық сенімі менің қызметімді жалғастыруға, біліктілігімді шыңдауға жігерлендіреді. Кез келген полиция офицері өзіне артылған сенімді ақтау үшін әділетті, абыройлы болуды негізгі ұстаным етіп алуы қажет, - дейді Тельман Бекжанұлы.

2010 жылы Павлодар қаласындағы оқуын аяқтап, арнайы жолдамамен Бәйтерек ауданына келген жас маман №1 Бәйтерек аудандық пробация бөлімінің инспекторы болып еңбек жолын бастайды.

Тельман Бекжанұлы жұмыспен қатар жоғары оқу орнына түсіп, білімін де шыңдай түседі. Осы кезге дейін талай жетістіктерге де жетті. Қазір Тельман өзінен кейін келген жас полицейлерге баға жетпес тәрбие берер тәжірибелі офицер. Биыл құқық қорғау қызметінде еңбек етіп жүргеніне 11 жыл толады.

- Біздің қызмет ұқыптылықты, кәсіби біліктілікті қажет етеді. Пробациялық бақылау – сотталғандарды тәрбиелеу, түзеу, жолға салуды мақсат ететін қызмет. Біз аудандағы сотталған азаматтармен жұмыс жасап, әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ халық тыныштығын қорғау үшін ізімізді басып келе жатқан жас полицейлерге ғана емес, қарапайым тұрғындарға да үлгі бола білуіміз керек, - дейді полиция капитаны Тельман Тукешов.

 

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале