3.07.2020, 15:52
Оқылды: 85

Бәйтеректің Янайкин ауылында «Домбыра» композициясы ашылды

Бәйтерек ауданы Янайкин ауылында «Домбыра» композициясы салтанатты түрде ашылды.

11C21A88-B432-474D-BF8C-FD3FE86FA555

Ұлттық домбыра күніне орайластырылған шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыров, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, ауыл әкімі Ауған Ақмурзин және тұрғындар қатысты.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында бой көтерген құдіретті аспабымыздың ауыл ортасына орнығуына жергілікті «Дүйсен» және «Өтеп» шаруа қожалық иелері қолдау көрсеткен. Табиғи тасқа орнатылып, шаңырақ саясына бекіген домбыра жауын-шашынға төзімді берік материалдан жасалған. Композиция авторы жас шебер Үлкен Шаған мектебінің мұғалімі Руслан Ахметов. Әсемдігімен алыстан көз тартатын мүсін алдына ақын Қадыр Мырза Әлінің «Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра. Нағыз қазақ  - қазақ емес, нағыз қазақ домбыра!» деген өлең шумағы қашалып жазылған.

BB44E57E-16C0-4014-B4F5-3AC6E4001AC6

– Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Ұлт үніне айналған қасиетті аспабымыз ауыл төрінен орын тепкені қуантады. Бұл композиция жас ұрпаққа ерекше серпін беріп, өнерге деген қызығушылықтарының оянуына септігін тигізеді деген үміт бар. Ескерткішті орнатуға қолдау көрсеткен жомарт жандарға аудан әкімінің атынан алғыс айтамын,–деді салтанатты шараға келген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Дүзбатыров.

2328C155-9702-47ED-AD65-FBFCEC2CB255

Композицияны ашу құрметін тыл ардагері Хайруш Отарбаев пен жас талант Нұрлыбек Мұғалімов жүргізді.

Шара соңы жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале