11.09.2021, 9:32
Оқылды: 338

Бақыт ұялаған шаңырақ

Қыркүйек айының екінші жексенбісі Мемлекет басшысының Жарлығымен Отбасы күні деп белгіленді. Мерекеге орай Жаңақала ауданындағы ынтымағы жарасқан көпбалалы үлгілі отбасы туралы қалам тербедік.

Бақыт ұялаған шаңырақ (2)Шаңырағы шаттыққа толы аудандағы қадірлі отбасының бірі – Мұқашев әулеті десек, артық айтпаймыз. Әулеттің отағасы Сұпығали Мұқашев пен жанұяның ұйытқысы Мағрипа Мұқашева екеуі 10 баласын Тәңірдің берген тәтті сыйындай көріп, бар мейіріміне бөлеп өсірген. Қазіргі таңда 15 немересі, 18 жиені, 5 шөбересі, 8 жиеншары бар. Мұқашевтардың берекелі шаңырағында болып, қазыналы қос қарияның әсерлі әңгімесін тыңдап қайттық. Ақ сақалды атамыз бен ақ жаулықты анамыз әңгімелесуге келген бізді қуана қарсы алып, жылы шырай танытты. Алпыс төрт жыл бойы өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген жұбайлардың өмірі бізге ой салып, отбасы құндылығы мен ақ некенің қасиетін қадір тұтып, бірінші орынға қоюы жастарға үлгі боларлықтай.

«Бізден бақытты жан жоқ деп мақтанып отырамыз»

Сұпығали Мұқашев 1938 жылы Мәстексай ауылында дүниеге келген. Сол ауылда өсіп-өніп, мектеп бітірген. Жүргізуші мамандығын оқып, әртүрлі жерлерде ұзақ жылдар бойы жүргізуші қызметін атқарған. Ал 1940 жылы Мәстексай ауылында туған Мағрипа анамыздың әкесі сұрапыл соғысқа кетіп, анасы бес қызды тәрбиелеп өсірген. Кішкентайынан әкесінен ерте айырылған ол туған жеріндегі мектепте сегіз жыл оқып, оқуды аяқтамайды. Содан ол жан-жақтылық қабілетімен тігіншілік, аспазшы қызметтерін атқарған. Жұбайы Сұпығали атамызбен 1957 жылы отау құрып, қосағымен өмірдің талай тоқпағын бірге көріп, қиыншылықты жеңе білген. Қазақ халқының демографиялық өсуіне өз үлесін қосқан алтын құрсақты батыр ана 1961 жылы Мұхамбет атты тұңғыш ұлына жарық дүние есігін ашса, артынан 1964 жылы Ержан, 1968 жылы Маржан, 1969 жылы Ажар, 1971 жылы егіздері Нұргүл мен Айгүлден соң бауырлары 1973 жылы Бибігүл, 1975 жылы Ерболат, 1977 жылы Бекболат, 1979 жылы Жанболат атты ұл-қыздарын дүниеге әкеледі. «Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» демекші, отбасылық жұптың ендігі саналы өмірі балаларын ер қатарлы өсіріп, аяқтандырып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырумен өткен. Мұқашевтар жанұясы Мәстексай ауылынан 2000 жылы Жаңақала аудан орталығына қоныс аударып, көшіп келген.

- Біз қиыншылық уақытта өстік. Ешкімнен ештеңе сұраған жоқпыз. Анам да ешкімнен ештеңе алмай, сұрамай кеңшарда адал еңбекпен нан тауып, бізді өсірді. Құдай қосқан қосағымызға қосып, теңімізге ұзатты. Отбасымыз көркейіп, тамырымыз тереңге жайылып келеді. Бізден бақытты жан жоқ деп мақтанып, Аллаға шүкіршілік етіп отырамыз, - дейді Мағрипа әжеміз әңгімесін бастап.

Көпке үлгілі көпбалалы жанұя

Ғ.Мұстафинның «Ата-ананың міндеті – баланы тәрбиелеу және жақсылықты үйрету» деген сөзінде көп тәрбие жатыр. Бала тәрбиесі ол дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеу әр ата-ананың арманы және борышы екені даусыз. Отбасылық құндылықтарды әрдайым биік ұстап, басқаларға үлгі көрсетіп жүрген, өзара құрмет пен сыйластық қасиеттерін жоғалтпаған көпбалалы Мұқашевтар жанұясы – қазіргі таңда барлық отбасыларға үлгі.

- Жастық шақта қиындықты аз көрмедік. Соған қарамастан перзенттерімізді ел қатарлы өсіріп, аяқтандырдық. Шүкір, ұл-қыздарымыздың барлығы дерлік жоғары оқу орындарында оқып, мамандық алды. Ұлдарым келін алып, қолымды ұзартса, қыздарым бір-бір үйдің түтінін түтетіп, адал жар, сыйлы келін болып жүр. Қазіргі таңда олардың да жанұясы кеңейіп, өздері ата-әже болып отыр. Немерелеріміз үйленіп, қуаныш сыйлауда. «Балам – балым, баламның баласы – жаным» демекші, немерелерімізді, шөберелерімізді бауырымызға басып отырамыз.

Қазіргі таңда балаларымның барлығы жан-жақта өз күндерін өздері көріп жүр. Ержан балам мен Бибігүл қызым Алматы қаласында болса, Ажар қызым Атырау қаласында, үлкен ұлым Мұхамбет пен кенже балам Жанболат Орал қаласында отбасымен тұрып жатыр. Ал қалған балаларым осы ауданда тұрады, жұмыс істейді. Ұлдарымның алды 60 жаста болса, кішісі 40 жастан асты, - деді жарасымды отбасының отанасы жаны ізгі, жүзінен шуақ, тілінен тілек төгілген алтынқұрсақты Мағрипа әжей бақытты жүзбен.

ьь

Ата-ана әр баласы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, алаңдап отыратыны белгілі. Қандай жағдайда да ақыл тауып кететін қазақ халқымыз «Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі баласы бардың өкпе, бауыр, жалы бар, үш баласы бардың бұқарада пұлы бар» деп бекер айтпаған. Адамзат тарихында ұлы тұлғалардың көбісі көпбалалы отбасында дүниеге келген екен. Лайықты ұрпақ тәрбиелеп, тату-тәтті, жарасымды өмірімен көпбалалы отбасының мәртебесін көтеруге өзіндік үлесін қосып отырған көпбалалы анамыз 1987 жылы және 1990 жылы «Алтын алқа» иегері атанған.

Бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдары

Өздерінің төккен тері мен еңбегінің ақталғанына, балаларына дұрыс тәлім-тәрбие беріп, өмірде өз орындарын тауып, адам болып кетуіне үлес қоса алғанына марқайып отырған Сұпығали ата мен Мағрипа әжеден бала тәрбиесіне қатысты басты қағидаларын сұрағанымызда: «Бала – біздің болашағымыз, біздің қазынамыз. Бар байлығымыз да балалар. Осы кезге дейін де Алладан балаларға қиындық көрсетпей, балаларымыз, жастар аман болсын деп тілеп отырамыз. Ал біз үлкендер көретінімізді көрдік. Біз көрген қиындықтарды сендер көрмеңдер. Тіршілігімізді алға қарай жалғайтын өздерің. Ендігі біздегі тілек, ұрпақтарымыз аман болсын дейміз. Өмірлерің жақсылықпен өтсін. Әр отбасыға саулық, бақыт тілеймін. Осынау дамыған заманда бәріңде оқып, білім алдыңдар. Елді басқаратын да халыққа жұмыс жасайтын да сендер. Берекетімізді қашырып, әлемді жайлаған аты жаман бәлекет індет өзінің ауылына кетсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деп Сұпығали ата жас ұрпаққа бейбіт өмір мен жүрекжарды бата-тілегін айтты.

Мүмкін осындай үбірлі-шүбірлі болып, тамыры тереңге жайылған киелі шаңырақ, көпбалалы жанұяны көргенде қазақ қыздары мен жігіттері ойланар, халық санының өсуіне атсалысар деп үміттенеміз.

Жандары жайсаң, көңілі жас Сұпығали ата мен Мағрипа әжемізбен әңгімелесу барысында керемет әсерге бөленіп қайттық. Себебі 80 жастан асса да тың, қайратты ата мен әже бізге көп тағылымды әңгімесімен бөлісті. Халқына еңбегі сіңген қарияларды құрметтеп, әдептілік көрсету – біздің адами қасиетіміз және басты міндетіміз.

 

Ж.Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале