23.04.2026, 16:30
Оқылды: 9

Бала тәрбиесінде бірлік қажет: ата-аналар жиналысынан түйін

Ақжайық ауданы, Ілбішін ауылында аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Бала қауіпсіздігі және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбында ата-аналар жиналысы өтті. Шара мақсаты – саналы тәрбие мен сапалы білім беру арқылы салауатты ұрпақ қалыптастыруда мектеп, ата-ана және ұстаздар арасындағы ынтымақтастықты күшейту.

IMG_8049

Оған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, аудан прокуроры Алмас Меңлібаев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Құрман Бисеғалиев, білім беру бөлімінің әдіскерлері, мектеп директорлары мен ата-аналар қатысты.

Жиналысты аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерболат Бекмолдин ашып, шараның мақсатын түсіндірді.

Зәйлім Исатайқызы тәрбиедегі ата-ананың рөлін атап өтіп, жасөспірімдер өтпелі шақта кезіген мәселелерді қапы жіберіп алмаудың маңызын еске салды.

– Ауданда 44 мектепте алты мыңнан астам оқушы білім алса, оларға 1200-ден астам ұстаз дәріс береді. Тәрбие де мығым назарда. Әйтсе де, төрт көз түгел бақылап отырсақ та, оқушылар арасында әлімжеттік, бір-біріне қысым көрсету, кемсіту секілді келеңсіз жағдайлардың кездесетіні жасырын емес. Мұндай қатыгездік, жасөспірімдердің мейірімділіктен ада болуы тек педагогтарды, ата-аналарды ғана емес, барша қоғамды алаңдатуы тиіс. Балалар неліктен теріс әрекетке барады, оларды өзгеге сес көрсетуге не итермелейді – міне, осындай сұрақтарды біз өзімізге қойғанымыз абзал. Мектепте ме, әлде отбасында ма тәрбиенің ақсап тұрғаны? – деді Зәйлім Исатайқызы.

Келесі кезекте сөз алған Құрман Бисеғалиев қазіргі ұрпақ телефонға телміріп,  тәрбиені содан алып жатқаны жайында мәселе көтерді.

– Қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпақ – Z буыны. Әр дәуірдің, әр буынның өз ерекшелігі болғанымен, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілік түк өзгермейді. Немере мен шөбере сүйіп отырған үлкендер олардың жарқын болашағын көріп, елге пайдалы азамат болғанын қалайды. Бұрын сирек естілетін келеңсіз оқиғалар жөнінде ақпарды бүгінде жиі құлағымыздың шалатыны ойландырмай қоймайды. Мұндай жағдай ұрпақ тәрбиесіне жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді, – деді ол.

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Аудан прокуроры Алмас Меңлібаев  атап өткендей, жас ұрпақ ең алдымен өнегені, тәлім-тәрбиені өз отбасынан алады. Сондықтан баласының тәрбиелі, инабатты болып өскенін қалайтын әрбір ересек адам жұмысты өзінен бастауы қажет.

– Өткен жылы ауданда жасөспірімдердің арасында үш суицид тіркелген. Осындай қайғылы жағдайдың алдын алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұндай оқиғалар орын алған жағдайда, мән-жайды анықтау үшін өзім тікелей барып, зерделеуге тырысамын. Көп жағдайда себеп – ата-ананың балаға жеткілікті көңіл бөлмеуі, оларды өз бетімен қалдыру. Жекелеген жағдайларда ересектердің пайымынша түкке тұрмайтын болып көрінетін тұрмыстық ұсақ мәселелердің арты өкіндірер, опындырар үлкен қасіретке соқтырады. Мәселен, бір оқиғада балаға үй жинау жөнінде бірнеше рет ескерту жасалуы әсер етсе, тағы бірінде интернатта жататын жеткіншек кіші інісі үшін жауапкершілік алғысы келмегендіктен, өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Бұл отбасылардың материалдық жағдайы жаман емес. Демек, мәселе ақшаның жетіспеуінде емес, баланың тәрбиесінде екенін айдан анық көрініп тұр. Сондықтан ең басты міндетіміз – ұл-қызға дұрыс тәрбие беру, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жеткілікті ұғындыру, қиындыққа мойымауға, шыдас беруге кішкентай кезінен баулу, – деді ол.

Облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының аудандағы координатор-әдіскері Нұрлы Құбашева өз баяндамасында жасөспірімдер бойында позитивті мінез-құлықты қалыптастыру жайында айтты.  Оның айтуынша, ата-аналар балалармен ашық сөйлесіп, сенімді қарым-қатынас орнатуға ұмтылғаны жөн. Сынықтан өзге нәрсеге сынай бермей, кінәлаудан гөрі түсіндіру, бірге шешім іздеу маңызды. Эмоциясын басқаруды үйрету, өзін-өзі бағалауын қалыптастыру, жіберген қателігін бетіне баспай, әрі қарай түзету жолын көрсету – тәрбиенің басты қағидаларының бірі.

IMG_7995

Сондай-ақ осында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері  Бауыржан Ермеков «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, бала қауіпсіздігін қамдаудағы басымдықтар жайында айтты.

– Сәуір айында барлық білім беру ұйымдарында «Су – тілсіз жау» тақырыбында сынып сағаттары өтіп, қауіпсіздік ережелері кеңінен түсіндірілді. Жаз мезгілінде лагерьлерде және демалыс уақытында балаларға суда жүзуді үйрету, қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектептен тыс ұйымдар жұмыс істеп, түрлі іс-шаралар жоспарланған, – деді ол.

Маржан Жүніс

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале