4.09.2022, 20:30
Оқылды: 79

Балабақшамен қамту қарқын алды

Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет екенін айтқаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыс соңғы кезде Бәйтерек ауданына қарасты Трекин ауылдық округінде қарқынды жүргізілуде.

139EDA10-9070-4EA5-A6AA-AFCEC71EC5E4

Округте мемлекеттік-жекешілік серіктестік аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары көбейіп келеді. Мәселен, таяуда Білім күні қарсаңында Володар ауылында «Нұрсая» жеке балабақшасы ашылды.

35 орындық балабақшаның қожайыны, жеке кәсіпкер Архат Тұрмағамбетовтың айтуынша, бөбекжайдың жоқтығы ауылдағы өзекті мәселе болған.

86037245-EEAA-4BC2-B64E-2FB9B1687680

Сол себепті тұрғындардың бірі сәбиін округ орталығы Трекинге тасыса, екіншілері жақын маңдағы ауылдарға алып барды. Өзі екі баласын Дарияндағы балабақшаға берген. Осы олқылықты жою мақсатында балабақша ашуды жөн көрген. Мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, өз ойын жүзеге асырған. Ашылған бойда 30-дан аса бала келіп тіркелді. 6 адам қызметке қабылданды. Оның екеуі тәрбиеші болса, екеуі бала бағушы.

6E9A5418-CF1B-4868-93AF-422576637EA2

​– Бұл округ бойынша ашылып отырған екінші жеке балабақша. Оған дейін, яғни төрт-бес жылдай бұрын ауылдық округ орталығында осындай бүлдіршіндер мекені іске қосылды. Қазіргі таңда Трекинде екі, Жайық ауылында бір мектепке дейінгі ұйым салынуда. Володарда тағы бір бөбекжайдың құрылысы басталып, қазір тұрып қалды. Олардың бәрі де жекеменшік. Мемлекеттік балабақшалар Трекин мен Новенкий ауылдарында ғана бар. Қазір құрылысы жүріп жатқан аталмыш нысанның бәрі іске қосылса, балабақша жасындағы балаларды барынша қамтуға мүмкіндік туары анық. Біздің ауылдық округ қаланың дәл іргесінде орналасқан соң мұнда көшіп келушілер саны көп. Биыл Трекиндегі қазақ мектебінің 1-сыныбына 74 баланың баруы халық санының өсімін көрсетсе керек. ҚР Президенті Жолдауында «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды» деген еді. Соған сәйкес жұмыстанып, алдағы уақытта балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешеміз деп ойлаймын, - дейді Трекин ауылдық округінің әкімі Мәлік Сейітов.

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале